Еліміздегі болып жатқан саяси және экономикалық реформалар жайлы әртүрлі пікірлер бар екені рас. Әрине, оны әпкім өзінше қабылдап, өзінше пайымдайды. Ал, сайып келгенде мұның бәрі елдің келешегі, халқымыздың тыныштығы үшін жасалынып жатқан игі қадамдар…
Мәселен, президент енді бір рет қана және жеті жылға сайланады. Жеті жыл тап қазіргі уақытта керек нәрсе деп ойлаймын. Себебі отыз жылда қалыптасқан, дұрысы қордаланған мәселелерді шешуге бес жыл аздық етеді. Ал, жеті жылдың ішінде іскер басшы бәрін орын-орнына қойып, елді алға дамыта алады.
Жалпы, осы сайлауға қатысты жаңа реформа үлкен істерге негіз болды. Облыс әкіміне дейін сайлау альтернативті түрде өтетіні де жақсы бастама. Еліміздегі жаңадан сайланған мәжіліс депутаттарының қатары тың көзқарасты азаматтармен толықты, оны жалпы бұқара қолдайды. Бұл жолғы депутаттар елдегі келеңсіз жағдайларды, өңірлердегі баяғыдан бері қордаланған мәселелерді алға тартып отыр. Оны өзіміз сайлаған Ерболат Сатыбалдиннің жұмыстарынан көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығындағы, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді Ерболат Жалғасбайұлы 2-3 ай ішінде Парламент қабырғасында қозғады. Талай жылдар бойы қаралмаған жаңа заңдар қаралып жатыр. Енді шет елдерге кеткен заңсыз ақшаларды қайтару туралы заңнаманың нормалары қаралуда. Отыз жылда қалыптасқан клептократиялық жүйенің дәуірі бітуге жақын. Өз басым одан көп үміт күтемін.
Дегенмен, кейбір жағдайда елдің билікке дегенсенімі азайып бара жатқаны да рас. Оның басты себебі, мемлекет тарапынан дұрыс түсініктеменің жоқтығы сияқты. Мысалы, шет елдерге кеткен қаржыларды қайтару бір ауыз сөзбен шешілмейтінін, оған тиісті заңнамалар әзірленуі керектігін мен де баспасөз ақпараттар құралдарынан оқымадым. Мен заңгер ретінде оны білемін, бірақ оны көпшілікке айтып, талдау жасау мемлекеттік органдардың міндеті емес пе?!
Қыруар қаржыны шет елдерге шығару үшінәртүрлі жасырын әрекеттер жасалады. Оны жәй ғана аудара салмаған шығар. Оларды дәлелдеу үшін көптеген жұмыстар жасау керек, ал онсыз шет елдерге жіберген біздің сауалнамалар қаралмайды да. Бастысы, бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу басталғаны көңілге қонады.
Бүгінгі таңдағы «Еститін мемлекет» деген ұғым да өз кезегінде халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз етеді деуге болады. Бұрынғы әкімнің жылына бір рет беретін есебінің орнына, ай сайынғы кездесулер өзінің нәтижесін беріп жатыр. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейтін заман келе жатыр.
Алайда, бізде әлі күнге дейін үйде отырып алып сын айтатындар аз емес. Менің ойымша, сын айттың ба, шешер жолын да айт. Қазақстан — ортақ отанымыз, Жезқазған – ортақ үйіміз. Ендеше әр кез бірге болып, барлық мәселелерді бірігіп шешуіміз керек.
Экономикалық реформа да бір күнде өзгере алмайды. Бірнеше жылдар бойы қалыптасқан жүйені 1-2 жылда өзгерту мүмкін емес. Шикізатқа тәуелді экономикадан жаңарған инновациялық технологияларды дамытатын кез келді. Бізде жаңа өндіріс көздері ашылмай отыр. Технологиямыздың көбі ескі кеңес дәуіріндегі қалпында қалған. Ал енді жаңа бір бастамалар айтылса, аяқ астынан дүрліктіріп тырнақ астынан кір іздеу де баршылық. Мысалы, соңғы кездегі Қытай мен Қазақстан арасындағы виза мәселесі. Байбалам салып жатқан адамдар Қазақстан мен Ресейдің арасында визаның жоқтығына үш жүз жылдан асқанын білмейді емес біледі. Шынына келсек, бізге Ресейден гөрі Қытайдан үйренетініміз көп.
Солтүстік көршіміздің жағдайы туралы қазіргі кезде айтылып та, жазылып та жатыр. Ресейдің көптеген технологиясы жиырмасыншы ғасырдың ортасындағылар. Олардан үйренетініміз шамалы. Ал Қытай еліне біз түгілі батыс елдері де аса назар аударып жатыр. Қазақта «ұлың болса ұлықтымен сыйлас» деген сөз бар. Бұл дегеніміз ұлың жақсыдан үйренсін деген сөз.Бүгінгі таңда Қытайдың экономикалық даму процесінен үйренетініміз көп. Қазақстанның орта және кіші бизнес өкілдерінің қолын бос қою керек. Олар көрші елдермен сауда саттығын арттырса, бәсекелестік дамыса инфляция деңгейі төмендейді. Сонау ықылым заманнан адамзат баласы қарым-қатынас, тауарлар айналымы арқылы дамығанытарихтан мәлім. Бір кездері біздің Орта Азия елдері Ұлы Жібек жолында болып, өте жоғары дамыған болатын. Кейіннен бұл жердегі саяси тұрақтылық жоғалып, Еуропа елдері Үндістаннан тауар тасу үшін қауіпсіз жол іздеп жүріп, Америка құрлығын ашты. Теңізді жаңа тәсілдермен игеру, басқа да технологиялардың көздері ашылып, Еуропа елдері әлдеқайда ілгері дамып кетті. Біздің ел – Орта Азиядағы территория жағынан ең үлкен мемлекет, транспорт логистикалық мүмкіндігіміз мол, соны қолдана алмай отырмыз. Жоғарыда айтылған байбаламның кесірінен бүгіндері Қытай Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы Түркияға темір жол салып жатқанын оқып отырмыз.
Бір сөзбен айтсақ, экономикасы дамыған елдермен қарым-қатынас керектігін көпшілік түсінуі тиіс. Экономикасы дамыған елдермен тығыз байланыстар арқылы ғана біз өркендейміз деп ойлаймын.
Мұрат Қазамбаев.