АЛАҢДА – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР  

Өткен аптада қаламыздың мәдени-сауық орталығының спорт залында «Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ  ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңына орай ұлттық спорт түрлерінен қалалық спартакиада өтті.

Айтулы мереке қарсаңында бұл спартакиадаға мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме жұмысшылары қатысты. Сайыстың шымылдығын Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт ашып, қатысушыларды алдағы кәсіби мейрамдарымен құттықтап, сәттілік тіледі. Жалпы, сайыстың басты мақсаты – мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен тарату, мемлекеттік қызметтің оң имиджін арттыру, сондай-ақ, қызметтен тыс уақытта игі істермен шұғылдану.

Сонымен, бес кезеңнен тұратын сайыс өте қызықты әрі тартысты болды. Желке тартыстан Бауыржан Сүлейменов 1 орынға ие болса, 2 орынды Айбар Ілиясов қанжығалады. 3 орын Мергенбай Сембекке бұйырды. Ал ерлер арасындағы арқан тартыс ойынынан 1 орынды Өрт сөндіру бөлімінің  командасы ұтып алды. Тау-кен техникалық колледжінің қызметкерлері 2 орынға ие болса, 3 орынды ВГСО командасы місе тұтты. Дәл осы ойында әйелдер арасында 1 орынды Қаражал қалалық соттың және Тау-кен техникалық колледжінің арулары ұтса, 2 орын қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің нәзікжандыларына бұйырды. Ал 3 орынды «Қаражал қаласы әкімінің аппараты» ММ командасы иеленді. Асық ату ойынының нәтижесі бойынша, 1 орынға Тахир Кунакбаев, 2 орынға Нұрсұлтан Әбікенов, 3 орынға Ерлан Сембеков ие болды. Ерлер арасында қол күрестен Мергенбай Сембек 1 орынды қанжығаласа, 2 орынды Денис Капринин, 3 орынды Дархан Шәмен иеленді. Сондай-ақ, қол күрестен әйелдер арасында 1 орынды Әсем Отарбаева, 2 орынды Айнагүл Өмірзақова, 3 орынды Нәзерке Жолкенова ұтып алды. Ең соңғы ойын тоғызқұмалақтан 1 орынға Данияр Дыбысов шықса, 2 орынды Сырымбет Қуандықов ие болды. Ал 3 орын Айнагүл Өмірзақоваға бұйырды.

Спартакиада соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әр спорт түрі бойынша мадақтама қағаздар, медальдар және ақшалай сертификаттар табысталды.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.