Оны репрессиядан соғыс қана құтқарды 

Сейілбек Смайылбековпен тоқсаныншы жылдардың басында таныстым. «Хан Кененің қазасы» туралы материал іздеп жүріп, КСРО- мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин орденінің иегері, белгілі геолог, Жәйрем кентіндегі қорғасын мен мырыштың мол байлығын ең алғаш тапқан бұрғышылар бригадасының бригадирі Кәмал Мусиннен Жәйрем кентінде тұратын 74 жасар Сейілбек ақсақалды таптым.

Шынында ол Кенесарының бас батырларының бірі Жарқынның шөбересі екен. Әкелері заманында Ақмола облысына танымал атақты Алтай елінің ең бай адамы  Аққошқар Сайдалының ұрпақтары екен. Сейілбек ағай 1910 жылы Ақмола облысының Атбасар уезінде дүниеге келіп, ауыл молдасынан дәріс алып, орысша-қазақша сауатын ашады. Жасынан әншілікке бейім өнерпаз бала, Алаш арыстарының ортасында тәлім-тәрбие алады. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді сияқты қазақ өнерінің майталмандарының ән өнерімен сусындап, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жаттап өседі.  «Жас әнші Сейілбектің әнін тыңдаймыз» деп талай арыстар іздеп  келіп, жас балаға өз баталарын беріп отырған. Оның атасы мен әкесі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне басшылық жасап, материалдық жағынан демеушілік көрсеткен.  Кеңес өкіметі орнағанда өздерін кәмпескелеп, жұмысқа да, колхозға да алмайды. «Бай-құлақ», «қанаушы тап өкілдерісіңдер» деп, оларды қоғамнан шеттетеді.  Ол еріксізден еріксіз, Қазақстанның түкпір-түкпірін жаяу аралап, шыбындай жанына пана іздеп 1927 жылдан бастап туған жерінен безіп кетеді. Қайда болмасын барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, өзі қатарлы жастармен тез тіл табысып, жүрген жерінде ән салып, күй шертеді, Мағжанның өшпес өлеңдерін оқиды. Ақырында, оның үстінен «бөрінің бөлтірігі» деген домалақ арыз түсіп, көздері ашық, көңілдері ояу НКВД қызметкерлерінің өздері оны алдын-ала ескертіп, бір түнде қашып шығуына мүмкіндік беріп отырған. Осылайша 1941 жылдың 22 маусымына дейін қуғын-сүргінде үнемі қорқынышта өмір сүрген Секең, соғыстың басталғанына қуана қарап, «бұл менің өмір бойы қуғыннан аман қалуымның жалғыз жолы» деп, өз еркімен әскери комиссариатқа барып, соғысқа аттанады. Қатардағы жауынгер ретінде Мәскеу түбіндегі соғыстан, сонау Берлинге дейін жетіп, Жеңіс күнін 1945 жылдың 9 мамырында қарсы алады. Тізеден қан кешкен төрт жылдың ішінде бірде-бір жарақат алмай, Жеңісті қуана қарсы алып, енді НКВД жендеттері мені қудаламайтын болды, төсегімде тыныш ұйықтайтын болдым деп қуанғанымен, оны бірден босатпайды. Армия басшылары жасы отыз бестен асқан қазақ солдатын бірден Кеңес Армиясының ән-би ансамбіліне солист етіп қабылдап, екі ай бойы ән-би ансамбілінің белді әншісі болып шыға келеді.

1945 жылдың жазында Берлин қаласында өткен Одақтас Армиялардың ең алғашқы біріккен концертінде қазақ жауынгері Сейілбек Смайылбеков Берлиннің төрінде, қазақ әндерін домбыраға қосып шырқайды. Дүниежүзінен жиналған жауынгерлер, оның ғаламат диапозонымен, домбырашылық өнеріне тәнті болады. Бір қызығы, концерт болардың алдында, бір-ақ күн қалғанда, командирлері немістің шебер етікшісін шақыртып алып, Сейілбекке арнайы киім мен хром етік тіктіреді. Сейілбек осы етікпен совет жауынгерлерінің сапында, табаны тесілгенше билеп шығады. Арнайы сыйлықпен марапатталып, еліне аман-сау оралып көптеген жылдар бойы ауылдық жерлерде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Бес жылғы соғыстың арқасында, «Халық жауының тұқымы» деген жаладан әзер  құтылғанын мақтанышпен айтады. Жасы жетпістің бесеуінен асқан Секең ағамыз, үйінде отырған маған, сандығының түбінде аттай елу жыл бойы жатқан неміс етікшісінің бір түнде тігіп берген хром етігін алып көрсеткенде етік сол қалпы жылтырап жатқанын көріп, етіктің сапасына таң қалдым.

Осы кездесуден кейін менің «Хан Кененің қазасы» деген тарихи деректі еңбегім Жоғарғы Кеңестің «Халық Кеңесі» газетінің екі бетінде жарық көріп, соның кіріспесінде қазақ тарихының майталмандары: «Бұл еңбек қазақ тарихына кірген соны жаңалық» депті. Сейілбек ақсақалдың ендігі бір ерлігі, ол Мағжан Жұмабаевтың жоқ болып кеткен барлық өлеңдерін өмір бойы зердесінде сақтап келгендігі. Кейіннен Мағжан еңбектерін құрастыру барысында, Қазақ ССР  ғылым Академиясының мүшелері, осы Сейілбек ақсақалдың аузынан жазылып алынғаны көрсетіліп отырыпты. Иә, Сейілбек Смайылбеков сияқты талай тарландарымыз НКВД  жендеттерінің құрбандығына айналып кеткені өтірік емес. Имандары саламат болсын.

Төлеухан ІЛИЯСОВ,

жазушы,

Қаражал қаласының Құрметті азаматы.