Кезекті  сессия болып өтті

ІV сессияға қалалық мәслихат депутаттарымен қатар, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев орынбасарларымен, мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Жәйрем, Шалғы кенттерінің әкімдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, сонымен қатар, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Темірхан Жарылғасов, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Еркебұлан Алғожин, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы Әділбек Балғазин қатысты. Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Еркебұлан Алғожин Қаражал қаласы (қалалық бюджет) бюджетінің 2022 жылғы атқарылуы туралы есебін баяндады.

Сонымен қатар, аталған сессияда 2022 жылғы Қаражал қаласы бюджетінің орындалуы туралы, 2022 жылғы Жәйрем және Шалғы кенттері бюджеттерінің орындалуы туралы есепті бекіту, Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының редакциялық комиссиясы  туралы және т.б. бас-аяғы 24 мәселе қаралып, жауапты тұлғалар баяндама жасады.

Өз міндеттіліктері бойынша баяндамаларын жасаған Қаражал қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұргүл Әбдірахмановаға, Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анар Молдабаеваға, Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саутбаевқа депутаттар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бірқатар шешімдерге өзгерістер енгізу сұралды.

Сонымен қатар, сессия барысында өте жағымды жаңалықтар да жеткізілді. Атап айтсақ, Жәйрем кентіндегі №30 мектепке Бауыржан Момышұлы есімі, №10 мектепке Абай Құнанбайұлы есімі, Қаражал қаласындағы №7 мектепке Ыбырай Алтынсарин есімі берілсе, Шалғы кентіндегі Карл Маркс көшесі Қазына көшесі, Фрунзе көшесі Байқоныс көшесі болып өзгертілгені айтылды.

Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер, депутаттар тарапынан қозғалған мәселелермен толықтырыла отырып, бір ауыздан бекітілді.

Шағатай ТЕРЕКТІ.