Жол жөндеу басталды  

Биыл «Қаражал-Жаңаарқа» және «Қаражал-Шалғия» бағытындағы жолдар жөнделетін болады. Бұл жайында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен алқалы жиында кеңінен сөз болды.

 Жиында әңгіме болғандай, биыл Ұлытау облысындағы республикалық маңызы бар жолдарының 45 000 шаршы метріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі күні «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан республикалық маңызы бар «Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы жолдың 748-756 шақырымына жөндеу жұмыстары басталған. Одан басқа, «Ұлытау-Арқалық» бағытындағы жолдың 143-163 шақырымын қайта қаптау әдісімен асфальт жабынын төсеу және 154 шақырымдағы құбырды ауыстыру көзделген. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар «Қаражал-Жаңаарқа» бағытындағы автомобиль жолының 28 шақырымын қайта жаңарту жұмыстары да қолға алынып жатыр. Жалпы, бұл жоба 2020 жылдан бастап іске асырылуда.

– Биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдар да мүмкіндігінше жөнделеді. Осы мақсатта «Қарағанды-Самарқа-Жаңаарқа-Айнабұлақ» бағытындағы 166-174 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған еді. Жоба бойынша қайта қаптау әдісімен қалыңдығы 7 сантиметр ұсақ түйіршікті асфальт жабынын төсеу және жол жиектерін нығайту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыс арнайы кестеге сәйкес мамыр айының басында басталып, қыркүйектің 30-ында аяқталуы керек.

Сол сияқты, «Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сәтбаев» бағытындағы 40-48 шақырым жолға да орташа жөндеу жұмыстары, қайта қаптау әдісімен қалыңдығы 7 сантиметр суық асфальтбетон қоспасынан жасалған асфальт жабынын төсеу және жол жиектерін нығайту жүргізіледі. Бұл жұмыстар да мамыр айында басталып, қыркүйектің соңында аяқталуға тиіс.

Биыл сондай-ақ, «Қаражал-Шалғия» бағытындағы жолдың 78-81 шақырымына да орташа жөндеу жүргізу үшін 251 млн. теңге қаражат қаралды. Бұл 3 шақырым жолға қайта қаптау әдісімен, қалыңдығы 6 сантиметр ірі және 5 сантиметр ұсақ түйіршікті асфальт жабын төселіп, жол жиектері нығайтылатын болады.  Жұмыс кестеге сәйкес мамыр айының 4-інен бастап қыркүйектің 30-ы аяқталмақ, – дейді  облыстағы құзырлы орын мамандары.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ