Есімі ардақтала беретін азамат

1971-1972 жылдың қысында «Жеңіс» кеңшарының Төссаз жайлауынан табылған  қорғасын-мырыш қазынасын игеруге ПМК1, ПМК2  колонналарының басқарушылары Жылқайдар Бектасов, Жәнібек Ақеділовтер келді. Өздерін болашақ «Жәйрем» руднигінің қызметкерлеріміз деп таныстырды. Рудник директоры Н.И.Бабанин, келіп жатқан жұмысшылар да, қызметкерлер де қыстың аязына қарамай палаткалар мен дөңгелекті вагондарға жайғасты. Кен қазатын  ауыр техникалар Қызылжар, Жеңіске поезбен келіп, жолсыз даламен Жәйремге жеткізілді. Станциялардан Жәйремге дейін төселген асфальт жол жоқ. Ақтүтек боран мен қақаған аязды жаяу жүргендердің  үсінген кездері жиі кездесетін.

Рудникті басқаруға жіберілген Н.Бабанин, К.Сейтмағанбетов ұзақ тұрақтай алмай кетіп қалды. Қызыл құм көмген жазық дала қуатты қол қимылын тосып жатты. Иен далада ел жоқ десе болады. Тек, «Жеңіс» кеңшарының №3  бөлімшесіне қарасты өңірде ғана әр 4-5 шақырым жерге орналасқан қойшы үйлері мен мал қоралары бар. Қыс өте қатты болды. Жәйремнен солтүстікке қарай орналасқан К.Маркс атындағы кеңшардың малы үскірік аязда көп шығынға ұшырап, шаруашылықтың басшысы қызметтен босатылды. Керісінше Төссазды мекен еткен «Жеңіс» кеңшары ауыр бейнет арқаласа да мал басын шығынсыз сақтады. Қысқа түскен 60 мың қой қоздап, көктемде 70 мың төл ілестіріп, 120-130 мың болып өріске шықты. Жеңістіктердің қуанышында шек болмады. Кеңшарға Еңбек Қызыл Ту ордені тапсырылды. Бірнеше шопан орден-медальдармен марапатталды. Шаруашылықтың басшысы Социалистік Еңбек Ері болып, Жаңаарқа ауданының ауылшаруашылығы басқармасын басқаруға қызметі жоғарлатылды.

1973 жылы Жезқазған (қазіргі Ұлытау облысы) Қарағандыдан бөлініп, дербес облыс болып шаңырақ көтерді. 1950 жылға дейін тұтқындар мекені (Степлаг) орнында Жезқазған, қазіргі Сәтбаев қалалары бой көтеріп, қазыналы мекен, байтақ дала, бай өлке республика ғана емес Одақ бойынша ірі мыс қазаны ретінде танылды. Бұрынғы аграрлы аймақ ірі индустриялы аймаққа айналды. Жезқазғанның №55 шахтасы бір жылда 5 млн тонна, ал Покро-15, №31 шахталары бұдан да асып, бүкілодақтық бәйге алды.

Осындай алып шахталарды басқарған азамат – Садық Асатов жаңадан ашылып жатқан «Жәйремге»  басшылыққа жұмсалды. Бұл 1975 жыл болатын. Ол кезде Садық Қасымұлы қылшылдаған қырық үш жаста еді. Қай жерге басшылыққа тағайындалса да Садық Ұлытау жерін қимайды. Туған жер, өскен өлке қандай ыстық?! Ата мен ананың бауырында өскен балалық шақ, әкесі Қасым жырдай шерткен әңгімелер санасынан өшер ме? Әкесінің шамалы болса да КирИнпроста оқыған мезгілін, сұлу Сәкен Сейфулиннің дәрісін тыңдағаны, жас геолог Қаныш Сәтбаевқа бұғыбай басшы болғаны, Ұлытау, Кішітау, Сарлық жерлерін аралатқаны, Далабай Шенеуовпен, Өмірбек Жуанышбаев теріскейі Атбасар, түстігі Жосалыдан түйе керуенімен шахталар мен зауытқа қажетті заттарды тасығанын есту қандай әсерлі әңгімелер еді. Тіпті, Қаныштың асыл қасиеті кішіпейілдігі, адамды жатырқауды білмейтін, болымсыз нәрседен үлкен ой түйетіндігі, әр іске үлкен мән беретіні сыр болып шертілетін. Жақсыдан ғибрат алудың өзі неге тұрады. Қасымға арман болған асыл қасиет ұрпағыма жұқса деген тілегі бәлкім қабыл болған шығар.

Жәйрем орналасқан жер Жаңаарқаның «Жеңіс» кеңшарының мал жайылымы. Садық сол далада тігілген шатырларда жатқанда алғаш келіп танысқан, арнайы қызметімен құттықтап, еңбегінің жемісті болуына тілек білдірген кісілер – Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұқан Медеубаев, «Жеңіс» кеңшарының директоры Сүйіндік Бәйкенов пен Түгіскен ауылдық кеңесінің төрағасы Әбілхайыр Асқаров болды. Алғаш танысудан кейін Мұқан Медеубаев Садыққа қазақша: «Бағың баянды, тағың бұдан да биіктей берсін!» деп ақ жарылып, батасын берді. Сүйіндік Садықтың келуіне орай  шаруашылығы табысты болғанына оның шарапаты тигендей  «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп жылы шыраймен  қуанып, бақыт баспалдағымен бұдан әрі өсіп-өркендеуді алла нәсіп етсін деген тілегіне қосып, «жолдастарыңмен келіп, ерулігіңді жеп кет» деп, үйіне шақырды.

Садық Төссаз құмын – болашақ «Жәйремнің» орналасатын орынын шығысынан да, батысынан да, Оңтүстік-Солтүстігінен, көлікпен де жаяу да қалтқысыз аралады. Қай жер өндіріс алаңына, қай жер АТХ (авто-транспорт шаруашылық) үшін жарамды, тұрғын үйлер қайда, қалай орналасуы керек екенін өз көзімен көріп, ой елегінен өткізді. Болашақта тұрғын үйлермен өндіріс алаңына су, ауыз су қалай жеткізілуі керек, соны сараптады. Жұмысшылар поселкесі, болашақ қала салатын жерді таңдау түнде түсінен, күндіз есінен кетпейтін халге жетті. Кейде студенттік кезеңі, одан еңбекке Қарағанды политехникалық институтының тағылымен араласуы, Москваның «Түсті метал және алтын» институтындағы ақ бас профессорлардың ақыл-кеңестері ойына оралатын.

Садықтың қызықты күндері Жезқазғанда өткен екен. Жастықтың жалаулы, көңілдің алаулы шақтары еске түсіп, еріксіз езу тарттырады. Мұхамедия Тышқанбаев, Н.Табақаев, кен ісінің шебері Абаевпен бірге өткізген күндер естен кетер ме? Ағаларындай болған В.В.Гурба, Ғ.Омаров, Д.Ешпанов, Е.Мұхамед-Рахимов ақылын, әзілмен үйреткен татымды тағылымын ұмыту мүмкін бе? Еңбегін елеп келешегіне үлкен үмітпен кеңестерін берген ағалары Т.Сәдуақасов пен академик Е.А.Букетовтың даналық лебізін естен шығару мүмкін емес.

Жәйремге келгеннен бері ойлайтыны Сарысу өзенінен Жәйремге өтетін көпір салу, Жомарт станциясынан Жәйремнің өндіріс алаңына темір жол тарту кезек күттірмейтін шаруалар. Бәрінен бұрын келіп жатқан жаңа жұмысшыларды орналастыру. Жатаханалар жоқ.  ГРЭ (геологиялық барлау экспедициясы) деп аталатын поселке тұрғындарына келгендерді тар үйлеріңе тұрғызыңдар деп айта ала ма? Бірлі-жарым келгендер өздері де тұруды өтініп орналасып жатыр. Аурухана, мектеп жоқ, ГРЭ де №11 деп аталатын шағын мектеп бар. Оған осы поселкенің өзінің балалары сыймайды. Ақыл алтау, ой жетеу, ойдың ұшығы жеткізбейді.

Жәйремде кен ашу басталған 1970 жылдары мен педагогикалық институтты бітіріп келген жас маман едім. Түгіскен мектебінде мұғалім болатынмын. Бар өмірім ауылмен байланысты болғандықтан өндірістен, өндіріс атауларынан мүлдем хабарсызбын. Қасымыздағы Қаражал қаласында темір өндірілетінін естігеніммен, оның қалай өндірілетінінен хабарсыз едім. Түгіскен — Жеңіс кеңшарында орналасқан ел: егін ауыл шаруашылығына қарай топталып егін ауыл, шөп ауыл, қой ауыл, сиыр ауыл, түйе ауыл деп аталған колхоз еді. Колхозды басқарма деген бірақ адам басқарады. Қой, сиыр, жылқы шаруашылығын ферма дейді. Оларды завфермалар басқарды. Егін- жай, шөпшілерді бригадир басқарады. Сондықтан өндіріс жұмысынан хабарсызбыз. Ауыл шаруашылық мамандары зоотехник, мал дәрігері, агроном, экономистер, ауылшаруашылық техникасының инженерлері, медициналық білім алуды талап ететіндер сол 1970 жылдары басталды.

Жәйремге келушілер өндіріс алаңына таяу жерге шоғырланып, өздерін горный цех, темір жол цехы, АТХ цехы атап, басқа да цехтар топтасып орналасып жатыр. Өндіріс алаңын Жәнібек Ақеділов, Қиыр батыс руднигі-горный цехын Жолтай Қайырбеков, теміржол цехын Мұхамеджан Ақпаров, кен-байыту,  ұнтақтау цехын Арсылан Кішітаев, энергетик Әбсәләм Кәкімжанов басқарды.

Ең күрделі жұмыс осы цехтарға келушілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Кентте құрылыс тресі ашылып, оны Айса Абдрахманов, Н.Е.Царик, Т.Н.Ергалиев басқарды. Автобаза құрылып, оған С.К.Есендаулетов басшы болды.

Жәйремнің болашағы зор. Келешегін тәптіштеп жазуға ой-өрісім жетпейді. Бүгінгі күнгі болашағы туралы айтып беруді өтінгенімде, қазіргі басшы Арман Алиевпен кездесудің сәті түспеді.

Сонымен 1976 жыл жетті. Қиналып, қысылып қызметкерлер кеңсеге, жұмысшылар жатақханаларға орналасып, жұмыс бастады. Қиыр Батыс руднигінің беті аршылып, алып техникалар, бульдозер-экскаваторлар, скреперлер, белаздар хоры аспанға өрледі. Байыту фабрикасының, теміржол бойына тау болып үйілген рудалар вагондарға артыла бастады. Тұңғыш Жәйрем қазынасы «Ащысай түсті металлургия» комбинатына жол тартты.

Жәйрем комбинатының директоры С.Қ.Асатов, бас инженер А.Ш.Иржанов, комбинаттың партия ұйымының жетекшісі С.М.Романенков, тіпті Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Асылбековтың жүздері нұр жайнады. Орталарында жұмысшылар кәсіподақ комитетінің төрағасы М.Жандаулетов, өндіріс жетекшілері Ж.Ақеділов, Ж.Бектасов, Жәйрем поселкелік кеңесінің төрағасы Т.Тоғызбаев пен Жәйрем құрылыс тресінің жетекшілері А.Абдрахманов бастаған бір топ, аршылған кенді вагондарға тасып артатын. В.Ф.Шевчук, В.В.Фурсов, С.Ізбасов, Ә.Смайылов сапырылысып, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Р.Досмағанбетова, Қ.Шыңғысбаев, А.Именов, А.Жанбатыров, Б.Ағыбаевтардың әңгімеге араласуға да мұршалары жоқ.

Көп ұзамай алып «Жәйрем» өндіріс ошағы он шақты жыл ішінде әлемдік даңққа ие болды. Қорғасын өндіретін Қиыр Батыс руднигінен кейін темір-жез өндіретін, мырыш қазынасын баурына басып жатқан рудник – «Үшқатынның» шымылдығы түрілді, Жәйрем кентінің ірге тасы қаланды. Жұмысшылар поселкесі, өндіріс алаңы, әлденеше жатақхана, екі орта мектеп, аурухана, мәдениет үйі бой көтерді. Кешегі иесіз ен далада он бес мыңдай халыққа құт мекен болған Жәйрем қаласы орнады. Жәйремге ағылып келіп жатқан жастардың санын айту мүмкін болмай қалды. Ғ.Орымбеков, А.Махметов, М.Дәрібеков, С.Даданбаев, Ж.Ахметов, Қ.Ысқақов, М.Садырбаев, С.Шахжанов, Р.Ермекбаев т.б және бүгінгі күнге дейін Жәйремге қызмет етіп жүрген А.Оразалина, С.Қалиев, М.Шамбулов, Е.Қуанышев аттарын тізіп тауыса алмайсың.

1984 жылы жаңа салынып жатқан Жәйремге  КПСС орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев арнайы келіп, алып өндіріс орнының үлкен табысын айтып, ақ батасын берді. Сарыарқада «Жәйрем» емес сәулетті «Сары-Арқа» қаласы бой көтергенін көріп, соған куә болып тұрмыз деп қуанышын білдірді.

Садық Қасымұлын өндіріс алыбының өркендеп өсуіне бар күшін салған іскер басшы, өндіріс ісімен шұғылданған шебер еді десек бір жақты ғана қызмет қырын танығандай болар едік. Ол жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, ақынжанды азамат болатын. Оған дәлел ретінде Садық үйімен Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев, Нұрғиса Тілендиев, Жағыппар Әлімханов араласып тұрды. Әр келген сайын Жәйрем халқын әнге бөлеп кететін. Кенші ақын, дауылпаз әнші-термеші Шынболат Ділдебаев, композитор Жақсыкелді Сейілов те бір туған бауырларындай сыйласты, Садықтың шапағатын көрді. Айта берсек Садық сегіз қырлы емес, қызметтің асқан білгірі қырық қырлы азамат болатын.

Шешесі Айсара Бегенқызы – академик Өмірхан Байқоңыровтың туған қарындасы, мүмкін содан да болар Садық шын мағынасында энциклопедиялық білімді ғалым болатын. Алайда ол жолды қумаған. Өкініш сол. Садықтың ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. «Елу деген ер жігіттің жасы екен, алпыс деген ағалықтың басы екен» деп бабасы Ерден Сандыбайұлы айтқан алпыс ағалықтың жасына да жетпей кетті. Елу алты жыл деген ол үшін, ел үшін қандай қысқа.

Садықтың ерен еңбегін елі бағалай білді. Қысқа ғұмырында «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерін және көптеген медальдарды кеудесіне тақты. КПСС 26 съезіне, Қазақстан компартиясының 16 съезіне делегат болды. Әттең, әттең, енді бір он жыл жасағанда Садықтың әлемдік даңққа ие болғанын көрер едік-ау!

Биыл, 1 мамырда Жәйремнің негізін қалаушы, Кен металлургия комбинатының тұңғыш директоры – Садық Қасымұлы Асатов тоқсан жасқа келер еді. Асыл азаматты еске алу салтанатын Жәйрем өткізу керек еді. Алайда Садық Қасымұлының жастығының жалаулы, көңілінің алаулы күндері өткен Жезқазған жұртшылығы «бұл шараны біз өткізейік, бірігейік» деп тілек етті. Сонымен еске алу салтанаты Жезқазғанда маусым айында өту келісілді.

Садықтың мол адами, азаматтық қасиетін ғасырлар өтсе де жәйремдіктер ұмыта алмайды. Есімі мәңгі ардақтала береді. Оны ел ардақты азамат деп ұғады. Ардақты Азамат Садық Қасымұлынан тәлім-тәрбие алған шәкірттері бүгінгі күні Егемен Қазақстанның әр қаласынды қызмет етуде. Көзі көрген Жәйрем құрылысына атсалысқан азаматтар бүгінгі күнге дейін көздеріне жас алып, естеріне алады.

Садық Қасымұлының жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!

Жақсыбай Сүлейменұлы,

қарт ұстаз-этнограф.