Халыққа арналған оң өзгерістер

Жәйремдегі қордаланған мәселелердің бірі — медициналық қызметкерлердің, яғни, дәрігерлердің жетіспеушілігі еді. Арнайы біліктілігі бар ақ халатты жандардың аздығы ғана емес, бар мамандардың өз міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмайтындығы жайында жәйремдіктер дабыл қағып, елдің ішінде үлкен дау-дамай туындап, дертіне дауа іздеген қарапайым халық өз өмірлерін кімге тапсырарларын білмей, амалдың жоқтығынан ауылымыздан шалғайда орналасқан Қарағанды мен Жезқазған арасында табан тоздыратын.

Өздерінің жан айқайларын билік өкілдерінің құлағына жеткізген халықтың мұң-мұқтажына Ұлытау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова араласып, Жәйремге арнайы келіп, халықпен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, біраз шаруаны реттеп, шешіп беріп кеткен-ді. Жәйремдіктердің басты талаптарының бірі аурухана басшысын ауыстыру және бұрын Жәйремде жұмыс істеп кеткен Дәурен Қанатұлы Смағұловты қайтадан ауылға жұмысқа шақыру болды. Ол талаптары орындалып, ауруханаға жаңа басшы, халық қалаған орынбасарымен бірге келді. Білікті басшы мен білімді қосшы келгеннен халық арасындағы аурухана тарапына айтылатын сын, шағым, даулы мәселе азайған сыңайлы. Осы уақыт аралығында не өзгерді, не шешілді деген сұрақпен ауруханамызға жаңадан келген басшы Бибігүл Жұмағалиқызы Усембаевамен сұхбаттастық.

-Бибігүл Жұмағалиқызы, Жәйрем кенті ауруханасына қызметке келгеніңізге 3 айға жуық уақыт өтті. Сіз келгеннен бері халықтың көңілі жайланған тәрізді. Елдің еңсесін көтеріп, көңілін жайландырған қандай жұмыстар, қандай өзгерістер? Соған тоқталып өтсеңіз.

— Иә, Сәтбаев қаласынан Жәйрем ауруханасына қызметке келгеніме 2 ай болды. Өзімнің негізгі мамандығым гемотолог-онколог. Бірнеше жылдар бойы басшылық қызметте жүргендіктен өз мамандығымнан сәл алшақтық бар. Жәйрем ауруханасында соңғы айларда көптеген өзгерістер болды. Әрине, бәрі жақсы жағына қарай. Халық үшін атқарылар шаруа да, атқарылып жатқан шаруа да шаш етекен. Қазіргі таңда осы уақытқа дейін жетіспей келген анестезиолог, реаниматолог, кардиолог, акушер-гинеколог мамандар шақыртылып, жәйремдіктер үшін жұмыс істеуде. Ал эндокринолог, невропатолог, окулист, лор, ревматолог мамандары Қарағандыдан, Жезқазғаннан екі жетіде бір рет келіп отырады. Жергілікті халыққа алдын ала хабарландыру таратылып, жәйремдіктер барып қаралып, ризашылықтарын білдіруде. Ал бұрындары осы мамандарды іздеп, алыс-жақын қалаларға баратын. Маусым айының соңына дейін жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатр, инфекционист келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, бұрыннан келе жатқан хирургымыз жұмыстан кетіп, қазір хирург іздеп отырмыз.
Сырттан келген дәрігерлерге «Казцинк» компаниясы мен әкімдік арасындағы меморандум арқылы көтерме жалақылар, үстем ақылар төленеді. Баспанамен қамтамасыз етіледі. Қосымша түрлі оқулардан өткізеді. Сондықтан да, қаншама мүмкіндіктері түсіне білетін дәрігерлер Жәйремге ойланбастан келулері керек деп ойлаймын.

— Жәйремдіктер тек қана дәрігерлерге емделу үшін ғана қала жағалап жүрмейтін, олар сонымен қатар, жұмысқа тұрарда, автокөлік жүргізуге құқық беретін куәліктерді рәсімдеу кезінде талап етілетін нарколог, психиатрлардан бір жапырақ анықтама қағаздарын алу үшін де үлкен қалаларға баратын. Қазір жолаушылар автобустары да жүрмейді. Такси ақылары қымбат. Халыққа өте ауыр, әрі тиімсіз екені айтпаса да түсінікті.

— Ия, бұл проблема Ұлытау облыстық денсаулық сақтау Басқармасының бастығы Ләззат Ранова ханымның құлағына тиісімен шешілді. Бүгінгі күні жәйремдіктер нарколог, психиатр анықтама қағаздарын осы жерден ала алады. Ол сұрақтармен Сәтбаев қаласынан келген дәрігеріміз Жанар Ахасова айналысып отыр. Анықтама қағазы еліміздің барлық жерінде бекітілген прейскурантпен ақылы түрде беріледі. Анықтама үшін халық қазір ешқайда бармайды.

— Бибігүл Жұмағалиқызы, қазір үлкені болсын, жасы болсын басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам аз. Осы біздің кентімізде ең жиі кездесетін ауру түрлері қандай?

-Экологиялық жағдайға байланысты болар, қазір ауру жасқа, кәріге қарамайды. Ал, кентімізде жиі кездесетін ауру түрлері артериалды гипертензия, қант диабеті, бронхиалды астма, радикулит, артрит. Д тіркеуде тұрған науқастар тегін берілетін дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етілуін, профилактикалық ем-домнан уақтылы өтуін қадағалап отыратын арнайы кабинет ашылды. Одан бөлек емделушілердің наразылығын тыңдап, білмеген сұрағына бағыт-бағдар беріп отыратын, нақтырақ айтсақ, пациенттерді қолдау бөлімі ашылды. Енді халық ауруханаға қатысты сұрақтары мен шағымдарын сыртқа айтып, сыртқа жазып, сырттан жауап күтпей, бар мәселелені өзімізден шеше алады. Мұндағы мақсатымыз науқастардың жанайқайына құлақ асып, онсыз да ауырып тұрған жандарды демеу, психологиялық тұрғыдан қолдау жасау.

— Халық үшін жасап жатқан еңбектеріңіз зор екен. Бірақ осындай қарқынмен жұмыс істеп жатқан сіздерде ешқандай проблема болмауы не болмаса жұмыс істеуге қандай да бір қажеттіліктер жоғы мүмкін емес деп ойлаймыз.

-Проблема жоқ емес. Проблема жетерліктей. «Көш жүре түзеледі» деген бар ғой. Алла қаласа, біртіндеп бәрі де орнына келеді деп ойлаймыз.
Қазіргі таңда ауруханамызға күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Одан бөлек екі жылу қазандығы тозып тұр. Биылғы қыстан аман шықтық. Келесі қыстың жылу беру маусымында бұл қазандықтарды жаңарту керек. Сонымен қатар, науқастардың жатын кереуеттері де сын көтермейді. Бұл мәселелердің шешімі алдағы күннің еншісінде.
Сосын тағы бір айта кететін жайт, Абай көшесінде орналасқан емханаға аурухана ішіндегі біраз кабинеттер көшіріліп, толықтай ем-дом алатын емханаға айналдырамыз. Ал мына жақта босаған кабинеттердің барлығы науқастардың стационарлық ем алуына қарай ыңғайланып жабдықталады.
Жоспар көп! Бірақ, осы соңғы екі айдың ішінде Жәйрем ауруханасының жоспарлық көрсеткіштері өте жақсы деп айта аламын.

— Расымен де жоспарларыңыз көңіл тоярлықтай екен. Ауылымыздың ең бір күрделі проблемасының ақырындап шешіліп жатқанына қуаныштымыз. Бірақ, сіздерден әлі талай жақсы жоспарлар мен жобалар күтеміз. Сұхбатыңызға рақмет.
Осы уақытқа дейін дау-дамайы толастамай келген Жәйрем ауруханасында халыққа арналып жасалып жатқан оң өзгерістер көңіл қуантады. Жәйремімізге келген әрбір ақ халатты жан өз қамын емес, халықтың қамын ойлап келуі керек. Әр қуанышты іс берекелі болғай. Ең басты байлық – денсаулық. Сондықтан да бай-қуатты болайық.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА