Аурудың алдын алу – маңызды іс

Бұл  атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтеді. 1948 жылы құрылғаннан  бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып  отыр. Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адамдар денсаулығын жақсарта түсу мақсатында тиісті шешім қабылдаулары үшін өткізіледі.

«Асқан байлық не керек, денсаулығың болмаса» деген ойдың мағынасын жіті түсінсек те, кей кезде денсаулықтың қадірін  кеш біліп, соның зардабын сезіп жататынымыз жасырын емес. Ауырмаудың жолын іздегеннің орнына көбіміз емнің жолын іздеп кететініміз тағы бар. Осы ретте  түрлі дерттерді ерте анықтау мақсатында жыл сайын өткізілетін скринингтік тексерулердің маңызы зор. 2022 жылдың күзінен бастап Қазақстанда міндетті профилактикалық тексерулердің қатарына ауыл тұрғындарының скринингі кірді. Енді  ауыл тұрғындары 18 жастан бастап скринингтен өтеді, ертеректе  бұл тексерулер 30 жастан басталатын. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына арналған скринингтік тексерулердің қатары асқазан-ішек жолдары мен простата безінің ауруларын анықтаумен толыққанын айта кету керек.

Ұлытау облысының  Жәйрем кентінде  2022 жылы 2 мыңға жуық адам профилактикалық тексеруден өткен. Осылайша,  колоректальді қатерлі ісік диагнозы бойынша тексерілген 535 адамның 4-уінен індет анықталған. Сүт бездерінің қатерлі ісігі диагнозы бойынша тексерістен өткен 435 әйелдің  190-ы түрлі кесел бойынша есепке алынды. Сондай-ақ, Жәйремде  9 әйелдің жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдыққаны  айқын болды. Қазіргі таңда Жәйрем кенті бойынша 1726 пациент жоғарыда аталған аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрады.  Профилактикалық тексеру барысында  кент  тұрғындары арасында қан қысымының жоғарылауы, жүректің ишемиялық ауруы, сонымен қатар қант диабеті сынды аурулар жиі кездескен.  45-65 және 66-70 жастағы топтарда пациенттерде негізінен глаукома, қуық асты безінің аурулары, бүйректің созылмалы аурулары, қант диабеті анықталды. Осылайша, анықталған аурулары бар пациенттер скринингтің екінші кезеңіне, яғни  қосымша тексеруге, қажет болған жағдайда емдеу үшін бейінді мамандарға жіберілді.

Биыл Жәйрем кентінде  3 мыңға жуық адамды ауылдық скринингпен қамту жоспарлануда. Бұл мақсатқа  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 29 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған. 15 ақпаннан басталған тексеруге бүгінде 943 кент тұрғыны келген. Осылайша,  287 тұрғын қант диабетіне, 289 адам глаукомаға тексеріліп, 190 тұрғын колоректальді қатерлі ісік, 25 әйел сүт безінің қатерлі ісігі, 152 нәзікжанды жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозын анықтайтын сараптамалардан өтті.

– Ауылдық жерлерде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ айқындалды. Олар:  18 жастан 29 жасқа дейін «Жастар», 30 жастан 44 жасқа дейін  «Еңбек – 1», 45 жастан 65 жасқа дейін «Еңбек -2» және 66 жас және одан жоғары «Зейнеткер». Айта кету керек, бұған дейін жастар 30 жастан 70 жасқа дейін басталған скринингтік зерттеулермен қамтылмай келген. Жас адамдарға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде   қант диабеті, глаукома, жүрек-қан тамырлары жүйесінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының,  онкологиялық (қуық асты безінің) ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі ауруларды ерте сатысында анықтап қана қоймай, уақытында емдеуге, сол арқылы халқымызды сауықтыруға жол ашады, – деген Жәйрем кенті ауруханасы диспансерлік бөлімінің бас медбикесі Ботакөз Жұма барша жәйремдіктерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тексерулерден өтіп тұруға шақырады.

2023 жылы Ұлытау облысында ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулерді қаржыландыруға медициналық сақтандыру қорынан 64 млн. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған. Жаңаарқа және Ұлытау ауданы мен Жәйрем кентінің тұрғындары күн сайын сағат 8.00-ден 12.00-ге дейін тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерде (Жаңаарқа ауданының көпсалалы орталық ауруханасы, Ұлытау ауданының ауруханасы, Жәйрем кентінің ауруханасы)  тексеруден өте алады.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

 Ұлытау облысы бойынша филиалы.