Ономастикалық атаулар — қоғаммен бірге жасап, біте қайнасатын ұлттық мәдениетіміздің белгісі. Халқымыз «Жер-судың аты — тарихтың хаты» дегенде ономастикалық атаулардың ұлттың тарихынан, салт-дәстүрінен, таным-түсінігінен хабар беретіндігін айтса керек. Демек, ономастикалық зерттеу ел тарихымен, ұлттық болмыспен тығыз байланысты. Жер, су атауларының шығу тегі, кең таралып, тілдік айналымға түсуі – бәрі де келер ұрпақ үшін тұнып тұрған тарих.
Тәуелсіздігімізге қол жеткізген жылдардан кейінгі кезеңдерде жоғалуға шақ қалған қазақ ономастикасы қайта жанданып, өзінің тарихи атаулары қалпына келе бастады. Дегенмен ескірген атаулар санатына жататын елді мекендер мен көше атаулары әлі де көп. Оның ішінде еліміздің тарихына қатысы жоқ, саяси тұрғыда қажеттілігін жоғалтқан кісі есімдерімен қойылған атаулар да бар. Осындай атауларды тәуелсіз елдің мүддесіне қарай толық өзгерту мақсатында 2018 жылдан бері Қаражал-Жәйрем аймағында 35 көше қайта аталды.
Қазіргі кезде Қаражал қаласы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген екі көше атауы қалды. Атап айтсақ, Шалғы кентіндегі «Карл Маркс» және «Фрунзе» көшелері. Ендігі міндет — жергілікті халықпен кеңесе, ақылдаса отырып, осы көше атауларын ұлттық болмысымызға сәйкес өзгерту. Осы мақсатта газетке және әкімдік сайтына 2023 жылдың 27 наурызында Шалғы кентінің кейбір көшелерін қайта атау бойынша көпшілік тыңдау өтетіндігі туралы хабарландыру берілді. Кент тұрғындарын және осы мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтарды аталмыш тыңдауға қатысуға шақырамыз.
Манар Жетімекова,
«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ бас маманы.