1 қазан – Қарттар күніне орай «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы өндіріс ардагерлеріне арналған мазмұнды мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Аға буын өкілдерінің басын қосқан мереке құрмет пен сыйластықтың, ұйымшылдық пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.
Мерекелік күн таңсәріден басталды. Белсенді өмір салтын ұстанатын ардагерлер скандинавиялық жүріске қатысып, сергектік пен өмірге деген құштарлықтың үлгісін көрсетті. Одан кейін шара қатысушылардың көтеріңкі көңіл-күйін еселей түскен флешмобпен жалғасты. Жылдар бойы өндірісте маңдай терін төккен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың жүзінен қуаныш пен шаттықтың лебі аңғарылып тұрды.
Іс-шара соңында мерекелік дастарқан жайылып, ардагерлер еркін форматта әңгімелесті. Көптен көріспеген замандастар бір-бірімен қауышып, еңбек жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Өткен күндерді еске алып, бүгінгі жетістіктерге бірге қуанды. Осындай кездесулер аға буын өкілдерінің өзара байланысын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірден қол үзбей, белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Бүгінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы жанындағы Ардагерлер кеңесінің құрамында 400-ден астам ардагер бар. Кәсіподақ ұйымы олармен тұрақты байланыс орнатып, түрлі мәдени-танымдық және спорттық шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Ай сайын өткізілетін кездесулер мен іс-шаралар ардагерлердің белсенді өмір сүруіне, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап отыр. Қарт-қариялармен өндірісші волонтерлер де тығыз байланыста. Үнемі қал-жағдайларын біліп отырады. Осы жолы да жалғызбасты қарттарға арнайы барып, құттықтап, сыйлықтарын табыстап қайтты.
Сонымен қатар, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымының өкілдері арнайы WhatsApp топтары арқылы да үздіксіз байланыста. Бұл ортада олар жаңалықтарымен бөлісіп, қуаныштарын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырады. Мұндай байланыс аға буын мен кәсіподақ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, өзара қолдаудың тиімді тетігіне айналған.
Қарттар күні мерекесі осы ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің тағы бір дәлелі болды. Ардагерлердің жүзіндегі қуаныш, бір-біріне деген ілтипат пен сыйластық мерекенің басты көркіне айналды. Бұл игі шара аға буынға деген құрметтің сөз жүзінде емес, нақты іспен көрсетіліп келе жатқанын айқын аңғартты.
Қазыналы қарттарға құрмет көрсетіп, мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан «Жәйрем Спорт клубы» ҚБ ұжымына ерекше алғыс білдіреміз. Ардагерлердің басын қосып, олардың белсенді өмір салтын ұстануына, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға және мерекенің мазмұнды өтуіне қосқан үлестері зор.
Қариясын қадірлеген елдің қашанда мерейі үстем. Өндірістің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге көрсетілген осындай құрмет пен қамқорлық алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Өйткені, аға буынның ақылы мен тәжірибесі, өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды қазына болып қала береді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
