Жәйрем кентінде «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, туған өлкенің тазалығы мен көркін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Бұл жолғы сенбіліктің басты нысаны ретінде кенттің кіреберіс аркасы маңындағы аумақ таңдалып, тазалау және көркейту жұмыстары жүргізілді.
Тазалық пен қоршаған ортаға деген жанашырлық қоғам мәдениетінің маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Сондықтан, соңғы жылдары елімізде тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларға ерекше көңіл бөлінуде. Жәйрем кентінің тұрғындары да бұл игі бастамадан шет қалмай, ортақ іске белсенді түрде атсалысып келеді.
Акцияға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ және «Жәйрем марганеці» АҚ ұжымдарының өкілдері болды. Әр қатысушы туған кенттің тазалығы мен көркейуіне өз үлесін қосуға ниет танытып, белгіленген аумақтарды ретке келтіру жұмыстарына жұмыла кірісті. Шара барысында арнайы жұмылдырылған бес техниканың көмегімен аумақ қоқыстан тазартылып, ретсіз үйілген қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, жол жиегі мен арка маңындағы аумақтар ретке келтіріліп, келушілер мен тұрғындарға жағымды әсер қалдыратын көрнекі келбет қалыптастыруға басымдық берілді. Кентке кіреберіс аркасы Жәйремнің өзіндік келбетін айқындайтын маңызды нысандардың бірі болып табылады. Сондықтан, оның айналасының таза әрі ұқыпты болуы тұрғындар үшін ғана емес, сырттан келетін қонақтар үшін де ерекше мәнге ие. Өйткені, кез келген елді мекен туралы алғашқы әсер көбіне оның кіреберіс бөлігінен басталады. Осы тұрғыдан алғанда жүргізілген жұмыстардың маңызы зор. Жәйрем тұрғындарының ұйымшылдығы мен белсенділігі бұл жолы да тағы бір мәрте көрініс тапты. Ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек еткен мекеме ұжымдары мен еріктілердің ауызбіршілігі кент өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі екендігін дәлелдеді. Тазалық жұмыстары бір күндік акциямен шектелмеуі тиіс. Кенттің тазалығы мен көркі әр тұрғынның күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты. Таза аула, таза көше, таза қоршаған орта қалыптастыру арқылы біз келер ұрпаққа көркейген әрі жайлы мекен қалдырамыз. Таза кент – әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі әрі мақтанышы.
Теректі ШАҒАТАЙ.
