«Казцинк» компаниясының демеушілігімен, «Жәйрем спорт клубы» ҚБ ұйымдастырумен Жәйрем кентінің тұрғындары арасында дәстүрлі түрде өткізілетін туристік слет биыл да жоғары деңгейде өтті.
Ауқымды шара Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Батық ауылына жақын орналасқан демалыс аймағында өтті. Жәйрем кентінен шамамен 219 шақырым қашықтықта орналасқан табиғаты көркем мекенде өткен бұл сайыс тұрғындардың белсенді демалысын ұйымдастырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық рухты нығайту және туризм мәдениетін дамыту мақсатын көздеді. Туристік слетке әртүрлі ұжымдардың құрамынан жасақталған командалар қатысты.
Әр команда бес адамнан, оның ішінде үш ер адам мен екі әйелден құралды. Қатысушылар алдын-ала жарыс талаптарына сәйкес дайындалып, өздерімен бірге командалық жалауша, кәсіпорын атауы мен логотипі бейнеленген рәміздер, шатырлар, далалық жағдайда тұрмыс ұйымдастыруға қажетті құрал-жабдықтар, ас әзірлеуге арналған азық-түлік қоры және спорттық сайыстарға қажетті жабдықтарын ала келді. Шараның қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді.
Барлық қатысушыларға арнайы нұсқаулық өткізіліп, қауіпсіздік техникасы талаптарымен таныстырылғаннан кейін әр адам жеке қол қойып, өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алды. Сонымен қатар командалар арасында жеребе тартылып, байқаулар мен жарыстарға қатысу реті анықталды. Турслеттің алғашқы күні командалардың сапқа тұру рәсімімен басталды.
Қатысушылар өз командаларының атауын, ұранын, логотипін таныстырып, біркелкі киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл кезеңде командалардың ұйымшылдығы мен шығармашылық қабілеті бағаланды. Одан кейін туристік лагерьлерді ұйымдастыруға арналған бивуактар байқауы өткізілді.
Қазылар алқасы шатырлардың орналасу тәртібін, тұрмыстық жағдайдың ұйымдастырылуын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және безендірілуін назарға алды. Туристік өмірдің ажырамас бөлігі саналатын ас әзірлеу сайысы да үлкен қызығушылық тудырды. Командалар далалық жағдайда түрлі тағамдар дайындап, өздерінің аспаздық шеберліктерін көрсетті.
Байқау барысында тағамдардың дәмі, әзірлену тәсілі мен ұсынылу мәдениеті бағаланды. Слет бағдарламасындағы маңызды кезеңдердің бірі – алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жарыс болды. Қатысушылар төтенше жағдай кезінде зардап шеккен адамға алғашқы дәрігерге дейінгі көмекті қалай көрсету керектігін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Кешкі уақытта қатысушылар дәстүрлі «От басындағы кешке» жиналды. Бұл бөлім туристік слеттің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Командалар «Туристік слет» тақырыбында шығармашылық музыкалық нөмірлер ұсынып, ән мен өнер арқылы өздерінің ұйымшылдығын көрсетті.
Сонымен қатар еркін тақырыптағы жеке орындаушылар арасында да өнер сайысы өткізілді. Әуезді әндер мен көтеріңкі көңіл-күй табиғат аясындағы кештің сәнін келтірді. Турслеттің екінші күні спорттық эстафеталар ұйымдастырылды.
Қатысушылар күш-жігерін, ептілігін, төзімділігі мен командалық үйлесімін сынайтын бірнеше кезең бойынша бақ сынасты. Эстафета бағдарламасына жүгіру, қайықпен жүзу, зардап шегушіні тасымалдау, тепе-теңдікті сақтай отырып бөрене үстімен жүру, туннельден өту, арқанға өрмелеу, шеге қағу және «Шелекті толтыр» атты қызықты сайыс енгізілді. Соңғы кезеңде қатысушылар көлден суды шүберек арқылы тасып, шелекті мүмкіндігінше тез толтыруға тырысты.
Әр кезең командалардың ұйымшылдығын, физикалық дайындығын және жылдам шешім қабылдау қабілетін анықтады. Табиғат аясында өткен жарыстар қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлап, өзара ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Туристік слеттің қорытындысы бойынша үздік командалар медальдармен, грамоталармен, сертификаттармен, арнайы номинациялармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы командалық есепте І орын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Жастар кеңесі мүшелерінен құралған «Qadam» командасына бұйырса, ІІ орын – «Қыран-2» командасына, ІІІ орын – «Қыран» командасы місе тұтты. талған шараға Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, комбинаттың байыту жөніндегі атқарушы директор Айдос Серіков, «Жәйрем спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Бекзат Асанов, Ғимараттар, қонақүй және жатақхана кешенінің аға әкімшісі Данияр Жақсыбеков және Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ерлан Жақсылықұлы қатысып, сайысқа төрелік етті. Жазғы туристік слет тек жарыс алаңы ғана емес, тұрғындардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, ұйымшылдық пен достықты дәріптеген маңызды шараға айналды. Табиғат аясында өткен екі күндік демалыс барысында қатысушылар туристік машықтарын жетілдіріп, спорттық дайындығын шыңдап қана қоймай, жаңа достар тауып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Мұндай игі бастамалар жастар мен тұрғындарды белсенді өмір салтына баулып, туған өлкенің табиғатын танып-білуге мүмкіндік береді. Сондықтан Жәйрем КЕНТІ тұрғындары арасында дәстүрге айналып келе жатқан туристік слет алдағы жылдары да жалғасын тауып, қатысушылар қатары арта береді деген сенім мол.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА

