Өндіріс тарихына тағзым

Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның 50 жылдық мерейтойы аясында кәсіпорынның ардагерлері мен жас мамандарының басын қосқан «Ұрпақтар үндестігі» атты тағылымды дөңгелек үстел өтті. Жарты ғасырлық еңбек жолын қорытындылаған бұл ерекше кездесу өткен мен бүгінді сабақтастырып, өндіріс тарихына тағзым мен келешекке деген сенімді ұштастырған маңызды рухани алаңға айналды.

Кездесудің басты мақсаты — Жәйрем өндірісінің қалыптасу кезеңдерін саралау, кен өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдерінің өмірлік және кәсіби тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ, кәсіпорынның болашағы туралы ашық пікір алмасу болды. Іс-шараға комбинаттың алғашқы іргетасын қалаған ардагерлер, өндірістің әр кезеңінде еңбек еткен майталман мамандар, кәсіпорын басшылығы, қоғамдық ұйымдар өкілдері және жас қызметкерлер қатысты. Шара басталар алдында қонақтар арнайы ұйымдастырылған фотокөрме мен бейнематериалдарды тамашалады. Тарихи кадрлар талай ардагерді жастық шағына жетелеп, ерекше әсерге бөледі.

Кеш шымылдығы комбинаттың тұңғыш директоры, марқұм Садық Асатовтың «Жәйрем бүгін балауса» атты шығармасын Сағат Ақтиынның мәнерлеп оқуымен ашылды. Одан кейін қатысушылар назарына Жәйрем кен орнының ашылуы, құрылыс жылдары мен өндірістің даму жолын баяндайтын «Ключи Жайрема» атты деректі фильмі ұсынылды. Жиында алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов кәсіпорынның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ардагерлер мен еңбек ұжымын мерейтоймен құттықтады. Кездесудің мазмұнды бөлімдерінің бірі – Жәйремнің қалыптасу тарихына арналды.

Қатысушылар өткен ғасырдағы алғашқы геологиялық зерттеулерден бастап, кен орнының ашылуы, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, комбинат құрылысының басталуы және 1976 жылы алғашқы кен шөмішінің алынуына дейінгі тарихи кезеңдермен танысты. Әсіресе, 1976 жылы өндірілген алғашқы кен шөмішінің Жәйрем өндірісінің жаңа дәуірін бастап бергені ерекше атап өтілді. Содан бері кеншілер кенті өндірісі өркендеген, әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған заманауи елді мекенге айналды. Мерейтойлық жиында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов пен кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев сөз сөйлеп, кәсіпорынның жарты ғасырлық даму жолына тоқталды.

Олар бүгінгі жетістіктердің негізінде ондаған жылдар бойы табанды еңбек еткен ардагерлердің маңдай тері жатқанын атап өтіп, өндіріс тарихын жасаған барлық еңбек адамдарына алғыс білдірді. Салтанатты шара барысында комбинаттың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне арнайы мерейтойлық төсбелгілер табысталды. Марапатталғандардың қатарында Пионер Кәрібаев, Смаил Елеусізов, Бақытжан Бадигулова, Нина Литвиненко, Тойкен Кенжекеев, Марлан Шамбулов, Айниден Нұғыманов, Аманкелді Қойшыбаев және басқа да ардагер еңбеккерлер болды. Мәдени бағдарлама аясында әнші Сандуғаш Домебаевамен «Нұрайна» би ансамблі өнер көрсетіп, мерекелік кештің көркін аша түсті.

Кездесуде Жәйрем кенті Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марлан Шамбулов пен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев сөз сөйлеп, ұрпақтар сабақтастығының маңызына тоқталды. Олар өндірістегі кез келген жетістік тәжірибе мен білімнің ұрпақтан ұрпаққа берілуінің нәтижесі екенін атап өтті. Дөңгелек үстелдің ең әсерлі бөлігінің бірі ардагерлердің естеліктері болды. Олар комбинат құрылысының алғашқы кезеңдері, еңбек жетістіктері, сол уақыттағы ауызбіршілік пен өзара қолдау туралы тебірене әңгімеледі.

Жас мамандар кәсіби жол, өндірістегі қиындықтарды еңсеру және еңбекке адалдық жөнінде сұрақтар қойып, құнды тәжірибе алды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев: — Қандай заманда өмір сүрсек те, ең басты құндылық — еңбек пен адам. Кәсіпорынның болашағы жас мамандардың қолында. Сондықтан, білім алудан, ізденуден және еңбектен ешқашан жалықпаңыздар, – деп жастарға ақыл-кеңесін жеткізді.

Кездесуден кейін ардагерлер өздеріне арнайы бөлінген автобуспен Жәйрем кенті мешітінің асханасына барып, комбинатта еңбек етіп, бүгінде өмірден озған ардагерлер мен әріптестердің рухына бағышталған құран асына қатысты. Ас барысында Құран Кәрім оқылып, марқұмдардың рухына дұға бағышталды. Осылайша мерейтой аясында өткен «Ұрпақтар үндестігі» атты тағылымды кездесу тек естелікке толы басқосу ғана емес, өткен мен келешекті жалғаған рухани көпірге айналды. Бұл шара Жәйремнің даңқты тарихын жасаған аға буынға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі әрі өндірістің болашағын сеніммен жалғастыратын жас ұрпаққа берілген үлкен аманат болды.

Теректі ШАҒАТАЙ.