Адал қызметтің айқын бейнесі

Қоғам тыныштығы мен ел ішіндегі тұрақтылық – көзге көрінбейтін, бірақ, әрдайым сезілетін үлкен еңбектің нәтижесі. Сол жауапты міндетті арқалап жүрген азаматтардың бірі – Қаражал қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақов.

Жуырда оның еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталуы – көп жылдық адал қызметтің айқын дәлелі.

Еркебұлан Байзақов 1993–1997 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебінде білім алып, кәсіби маман ретінде қалыптасты.

Қызмет жолын Жезқазған қаласында тергеу саласынан бастап, алғашқы күннен-ақ жауапкершілігімен, заңға адалдығымен көзге түсті.

Жедел тергеу, қылмысты ашу, дәлелдерді саралау секілді күрделі бағыттарда шыңдалып, тергеуші, аға тергеуші, бөлім басшысы деңгейіне дейін көтерілді.

Бұл жылдар оның кәсіби тәжірибесін байытып қана қоймай, құқық қорғау саласының қыр-сырын терең меңгеруіне мүмкіндік берді.

2017 жылға дейінгі қызмет кезеңінде Еркебұлан Байзақов ішкі істер органдары жүйесінде түрлі басшылық лауазымдарды атқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді.

Оның жұмыс стилі – тәртіп, талап және әділдік қағидаттарына негізделді.

Облыстық деңгейде жас, бірақ, тәжірибелі маман ретінде бағаланған ол Ұлытау аудандық полиция бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Бұл кезеңде ауданның құқықтық ахуалы күрделі болатын: мал ұрлығы, тұрмыстық қылмыстар, оқтын-оқтын орын алатын ауыр құқық бұзушылықтар полициядан жедел әрекет пен нақты ұйымдастыруды талап етті.

Кейінгі жылдары ол Сәтбаев қалалық полиция бөлімін басқарды.

Бұл кезең – өндірісті қаладағы күрделі әлеуметтік орта, халық тығыздығы және құқықтық мәселелердің көптүрлілігімен ерекшеленді.

Қазіргі таңда Қаражал қаласы полиция бөлімінің бастығы ретінде ол өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту бағытында жүйелі жұмыстарды үйлестіріп отыр.

Қалалық деңгейдегі қызметтің өз ерекшелігі – өндірістік аймақ, әлеуметтік байланыстар және жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен тығыз сабақтас.

Жуырда Еркебұлан Байзақовтың Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталуы – оның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ