Тарихи жадымызды жаңғыртатын күн

Қазақ тарихында ұлт тағдырын ойлап, ел болашағы үшін жанын аямай еңбек еткен тұлғалар аз емес. Солардың қатарында қазақтың саяси элитасын қалыптастырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен көрнекті мемлекет қайраткері, заңгер Барлыбек Сырттанұлының орны ерекше.

ХХ ғасырдың басында бодандық бұғауындағы қазақ елінің ертеңіне алаңдаған зиялылар халықты өркениетке жеткізетін жол – ұлттық мемлекет құру және заңға негізделген басқару жүйесін қалыптастыру екенін жақсы түсінді.

Осы ұлы мұрат жолында Әлихан Бөкейханның бастамасы мен ұлттық мемлекет құру идеясын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде Барлыбек Сырттанұлы 1911 жылы қазақ елінің тұңғыш құқықтық құжаты саналатын «Қазақ елінің уставын» әзірледі. Бұл еңбек қазақ халқының тұңғыш кәсіби конституциялық жобасы ретінде тарихта қалды.

Сондықтан, 13 маусым – Қазақ халқы күні ұлттық мемлекеттілік тарихындағы маңызды белес ретінде ерекше мәнге ие.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отарлық саясаты күшейіп, қазақ жері мен ұлттық құндылықтарына қауіп төнді. Осындай күрделі кезеңде қазақ зиялылары елдің тәуелсіздігін сақтап қалудың жолдарын іздеді. Олар халықты білімге, бірлікке және саяси сауаттылыққа шақырды.

Барлыбек Сырттанұлы дайындаған «Қазақ елінің уставы» сол ізденістің нақты нәтижесі болды. Құжатта қазақ мемлекетінің басқару құрылымы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сот жүйесі, жер мәселесі, білім беру және мемлекеттік биліктің негізгі қағидаттары қамтылды.

Жарғының басты мақсаты – қазақ халқының дербес мемлекет болып қалыптасуына құқықтық негіз жасау еді. Онда халықтың еркіндігі, заң үстемдігі, әділ сот, азаматтардың теңдігі секілді демократиялық қағидалар көрініс тапты. Бұл сол кездегі қазақ қоғамының саяси ой-санасының жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазақтың жерін, тілін, ділін сақтай отырып, заманауи мемлекет құру. Олар мемлекетті басқарудың өркениетті үлгісін ұсынды.

1911 жылғы «Қазақ елінің уставы» – кейінгі Алаш бағдарламасының рухани әрі саяси негіздерінің бірі болды. Бұл құжатта көтерілген көптеген қағидалар қазіргі Қазақстан Республикасының Конституциялық құндылықтарымен үндеседі.

Барлыбек Сырттанұлы – қазақтың құқықтық мемлекет құру идеясын алғаш қағазға түсірген заңгер тұлға. Ол тек мемлекеттік қызметкер ғана емес, ұлт тағдырына жауапкершілікпен қараған кемеңгер қайраткер болды.

Оның жазған жарғысы қазақ қоғамында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Құжатта адамның ар-намысы мен бостандығы, меншік құқығы, әділетті басқару секілді мәселелер кеңінен қамтылды.

Барлыбек Сырттанұлы өз заманының шеңберінен асып ойлаған тұлға еді. Ол қазақ елінің болашағын тәуелсіз, заңды, өркениетті мемлекет ретінде елестетті.

Бұл күн – халқымыздың мемлекет құру дәстүрін, құқықтық ойлау мәдениетін және азаттық жолындағы күресін дәріптейтін тарихи күн.

Ұлттық тарихты білу – болашаққа сенімді қадам жасаудың кепілі. Әсіресе, жастар Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сырттанұлы бастаған ұлт зиялыларының еңбегін терең білуі қажет. Өйткені, олар тәуелсіздіктің тек қарумен емес, біліммен, заңмен және ұлттық санамен келетінін дәлелдеді.

Қазақ халқы күні бізге елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын, мемлекеттілік дәстүріміздің ғасырлар қойнауынан бастау алатынын еске салады.

Бүгінгі Қазақстан – бабалар аманатына адалдықтың, Алаш қайраткерлері арманының жүзеге асқан көрінісі. Сондықтан, Қазақ халқы күні әрбір азамат үшін ел тарихын құрметтеу мен тәуелсіздіктің қадірін түсінудің мерекесі болуы тиіс.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен заңгер қайраткер Барлыбек Сырттанұлы бастаған арыстардың асыл мұраты – тәуелсіз, әділетті, білімді әрі қуатты мемлекет құру еді. Сол мұрат бүгінгі ұрпақтың қолында жалғасып келеді.

Қазақ халқы күні құтты болсын!

Тарихын таныған, тағылымын бойына сіңірген халықтың болашағы әрқашан жарқын болмақ.

Ақбота САЖИНОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II курс студенті