Қазіргі таңда әлем елдерінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – ұлттық қауіпсіздікті сақтау және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл бағытта зайырлылық қағидаты ерекше рөл атқарады. Зайырлы мемлекет – дін мен мемлекеттік биліктің қызметі бөлек жүзеге асатын, барлық азаматтардың діни сенім бостандығына құрметпен қарайтын мемлекет. Қазақстан Конституциясында өзін зайырлы мемлекет ретінде бекітті. Сондықтан, зайырлылық – еліміздегі қоғамдық келісім мен қауіпсіздіктің маңызды негіздерінің бірі болып саналады.
Зайырлылық – қоғамдағы діни теңдікті қамтамасыз етеді. Егер мемлекет белгілі бір дінді ғана қолдаса, басқа діни топтар арасында түсініспеушілік пен әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін. Ал зайырлы мемлекетте барлық азамат заң алдында тең болады. Бұл қоғамдық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Мысалы, Қазақстанда ислам, христиан, буддизм және басқа да дін өкілдері бір елде бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл – зайырлылық қағидатының нақты нәтижесі. Ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіретін мәселелердің бірі – діни экстремизм мен терроризм. Соңғы жылдары әлемнің кейбір елдерінде радикалды ұйымдардың әрекеттері салдарынан көптеген қақтығыстар орын алды.
Мысалы, Таяу Шығыстағы террористік ұйымдардың әрекеті мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондаған халықтың босқынға айналуына себеп болды. Бұл жағдайлар дінді саяси мақсатта пайдаланудың қауіпті екенін көрсетті. Қазақстанда да экстремизмнің алдын алу мақсатында түрлі шаралар жүргізілуде. Мысалы, білім беру ұйымдарында, мектептер мен жоғары оқу орындарында зайырлы мемлекетіміздің ұстанымы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған кездесулер өткізіледі.
Мекемелерде, халық арасында тиісті мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. 2026 жылдың 15 наурызында бүкіл қазақ қоғамы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің басты құқықтық іргетасы – жаңа Ата Заңды қабылдады. Президент айтқандай, бұл құжатты «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар. Негізгі заңның басты құндылықтарының бірі – мемлекетіміздің зайырлылық сипатын бекітуі. Бұл – мемлекет пен дін қатынасының теңгерімді, әділ әрі өркениетті үлгісін айқындайтын басты ұстаным. Жалпы алғанда, жаңа Конституциядағы зайырлылық қағидаты – еліміздің демократиялық, құқықтық мемлекет ретіндегі дамуының айқын көрінісі.
Бұл қағидат қоғамдағы әртүрлілікке құрметпен қарап, бірлік пен татулықты сақтауға қызмет етеді. Сондықтан, оны түсіну мен құрметтеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы тұста Мемлекет басшысы 2024 жылы 15 наурызда Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін айта кету керек: «Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды.
Бірақ біз батыстың, не болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де. Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан, мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ: «Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек» деді Президент. Мемлекетіміз заңсыз діни ұйымдардың жұмысына тыйым салып, интернеттегі радикалды ақпараттарды бақылауға алады. Бұл шаралар жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғауға бағытталған. Зайырлылықтың тағы бір маңыздылығы — ғылым мен білімнің дамуына жол ашады.
Білімді, сыни ойлай алатын адам жалған ақпарат пен радикалды үгітке тез сенбейді. Мысалы, дамыған мемлекеттердің көпшілігі зайырлы жүйені ұстанады және білім мен ғылым арқылы қоғам қауіпсіздігін күшейтіп отыр. Қазақстанда да жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау — ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, зайырлылық ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтайды. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шара еліміздің бейбітшілік пен өзара құрметті басты құндылық ретінде ұстанатынын дәлелдейді.
Қорытындылай келе, зайырлылық – қоғам тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздіктің негізгі кепілі. Ол діни теңдікті сақтап, экстремизмнің алдын алуға және азаматтардың бірлігін нығайтуға көмектеседі. Бүгінгі таңда әрбір азамат зайырлылық қағидатын түсініп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосуы қажет. Тек бірлігі мықты, зайырлы қоғам ғана тұрақты әрі қауіпсіз мемлекет құра алады.
Дидар ЖЕТИМЕКОВА,
№ 6 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім
