Қаражалдың қыраны

Қаражал қаласының жас спортшысы, дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер Қарлығаш Баянова халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап, зор жетістікке қол жеткізді.

2026 жылдың 3–8 сәуірі аралығында Әзербайжанның Гянджа қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогында жерлесіміз жарқырап көрінді. 12 мемлекеттен келген мықтылар бақ сынасқан бәсекеде +70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қарлығаш қарсыластарына дес бермей, қола жүлдені иеленді.

Турнирге Португалия, Болгария, Белоруссия, Түркия, Қырғызстан және Грузия сынды дзюдо мектебі қалыптасқан елдердің өкілдері қатысты. Әрбір жекпе-жек жоғары дайындық пен айрықша табандылықты талап етті. Қарлығаштың бұл жеңісі – тек жеке дара жетістігі ғана емес, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы үшін де зор мәртебе.

Халықаралық жарыстан оралған спортшыны туған жері ерекше ықыласпен қарсы алды. Туған жерінің төріне табан басқан сәттен қала әкімі Айқын Елеусізов, мәслихат депутаттары, жаттықтырушылар, мектеп ұжымы және қала тұрғындары жеңімпазды мақтанышпен күтіп алды. Бұл қуанышты сәт бүкіл қаланың ортақ жеңісі ретінде аталып өтті.

Бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген жастар үшін Қарлығаштың жеңіспен оралуы үлкен мерекеге айналды. Қала әкімі Айқын Елеусізов жас чемпионды арнайы күтіп алып, жеңісімен құттықтады. Әкім спортшының табандылығы мен қайсарлығын жоғары бағалап, оның жетістігі өңірдегі жастар спортына серпін беретінін атап өтті.

Кездесу барысында Айқын Қылышұлы жас талантқа алғыс айтып, 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификатты табыстады. Сондай-ақ, өңір басшысы спортшының бапкерлері Арман Отарбаев пен Сандуғаш Мұқанбетқалиеваға және ата-анасына алғысын білдіріп, Қарлығаштың алдағы уақытта Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтататынына сенім білдірді.

Қарлығаш Баянова – жас болса да талай белесті бағындырып үлгерген талантты спортшы. Оның қоржынында Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы және екі дүркін жүлдегері атағы, кадеттер арасындағы Еуропа кубогының қола жүлдесі, республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар турнирлердің жеңімпазы деген марапаттар бар.

Жеңісінен кейін тілшілерге берген сұхбатында Қарлығаш:

– Әрбір жекпе-жек оңай болған жоқ. Әсіресе, ақтық сынға баратын жолдағы қарсыластарым өте мықты еді. Дегенмен, бапкерлерімнің нұсқаулары мен жанкүйерлерімнің қолдауы маған күш берді. Бұл – тек бастамасы ғана, алдағы уақытта Әлем чемпионатында Қазақстанның Әнұранын шырқату – менің басты арманым, – деді.

Қарлығаштың бойындағы қайсар мінез бен шеберлік оның әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінетініне сенім ұялатады. Ол – бүгінгі таңда қаламыздың жас спортшылары үшін нағыз үлгі.

Қаражалдың қызына алдағы жарыстарда тек қана биік белестер тілейміз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ