Шараның негізгі мақсаты – ұсынылған конституциялық түзетулердің мазмұнын жан-жақты түсіндіру, олардың елдің қоғамдық-саяси дамуына ықпалын саралау, сондай-ақ, азаматтардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын талқылау болды. Іс-шара Конституция жобасына қатысты қоғамдық диалогты кеңейту және реформалардың мәнін тұрғындарға ашық жеткізу мақсатында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге Қаражал қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, қоғамдық бірлестік өкілдері мен жастар арасындағы белсенді партия мүшелері қатысты.
Қатысушылардың құрамы іс-шараның көпқырлы пікір алмасуға негізделгенін көрсетті.
Кездесу барысында Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер егжей-тегжейлі талқыланды.
Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру, азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту, билік тармақтары арасындағы теңгерімді арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту және қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту мәселелері сөз болды.
Партия өкілдері жаңа Конституция жобасының қоғамның қазіргі қажеттіліктеріне сай екенін, оның елдегі демократиялық институттарды нығайтуға және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясымен үндесетіндігі де айтылды.
Жастар тарапынан да белсенді ұсыныстар мен пікірлер білдірілді.
Олар саяси процестерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру, әділдік пен жауапкершілікті күшейту бағытында ой-пікірлерін жеткізді.
Жастардың белсенділігі қоғамның жаңғыруына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар дөңгелек үстелдің маңыздылығын атап өтіп, мұндай кездесулердің халықпен кері байланыс орнатуда ерекше рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, тұрғындармен ашық диалог жүргізу және Конституция жобасы бойынша ұсыныстарды жинақтау бағытындағы жұмыстардың жалғасатыны хабарланды.
Өз тілшімізден
