Жауапкершілік өзіңнен басталады

Өндіріс орнына келіп, онда өтіп жатқан барлық үдерістерді дәл сезініп, әрдайым жауапкершілікті өз мойнына алатын, осы ортамен бірден біте қайнасып кететін адамдар болады. Жәйрем кен байыту комбинатының полиметалл байыту фабрикасы ұсақтау бөлімшесінің шебері Манат Мұздрапов – осындай мамандардың бірі. Оның жұмысы зейінділікке, терең білімге және өз ісіне деген құрметке негізделген, ал есімі комбинатта талай жыл құрметпен аталып келеді.

Жиырма бір жыл бұрын, қылшылдаған жас жігіт Түгіскен ауылынан Жәйремге келеді. Туған ауылында жұмыс жоқтың қасы еді, сондықтан Манат еңбек жолын үлкен өндіріс ошағы – қорғасын байыту фабрикасында қосалқы жұмысшы болып бастауды жөн көрді. Ол бірден өзін еңбекқор, жауапты және ізденімпаз жұмыскер ретінде көрсетті: сұрақтар қойып, тәжірибелі әріптестерінен үйренді, өндірістің технологиялық үдерісінің барлық кезеңдерін жете түсінгісі келді.

Дамуға, өсуге деген ұмтылыс оны сорғы қондырғыларының машинисі, содан кейін концентраторшы қызметіне алып келді, артынша ауысым бригадирі болып тағайындалады. Қорғасын байыту фабрикасы жабылған кезде, білікті маманды дереу жаңадан ашылған полиметалл байыту фабрикасына басқару пультінің операторы етіп ауыстырады. Манат Жанатұлы бұл кезеңді кәсіби еңбек жолындағы шешуші сәттердің бірі ретінде еске алады.

Технология ол үшін ашық тұрған кітап сияқты болды: бүкіл үдерісті толығымен көріп, әр кезеңін егжей-тегжейіне дейін ұғынып алуға тырысты. Кейіннен оны ұсақтау бөлімінің ауысым шебері етіп тағайындайды. Бүгінгі таңда Манат Мұздрапов – комбинаттың ең сенімді шеберлерінің бірі. Ол ұйымшыл ұжымды қалыптастыра алады, учаскенің жұмысын сауатты ұйымдастырып, озық тәжірибені енгізеді және тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

Оның жауапкершілігін, ұқыптылығы мен байыптылығын Дағдарысқа қарсы бағдарлама мамандары бірнеше рет атап өткен: тексерулерге әрдайым тыңғылықты дайын, GCOM жиындарын айқын әрі мазмұнды өткізеді. 2024 жылы жоғары көрсеткіштері үшін ол «Жәйрем КБК» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды, ал жақында ғана III дәрежелі «Кенші даңқы» салалық төсбелгісінің иегері атанды.

– Отбасым менімен мақтанады, – деп бөлісті Манат Жанатұлы. – Әріптестерім де қолдау білдіріп, марапаттың лайықты екенін атап өтті. Еңбегіңді елеп-ескеріп, бағалағаны қуантады. Адамдармен жұмыс істеу, үдерістерді жақсарту, өндірісті қауіпсіз ету – шеберді күн сайын шабыттандыратын нәрселер.

Ол адам неғұрлым көп білсе, туған ауылына да, отбасына да соғұрлым көп пайда әкеле алатынына нық сенімді. Манат үшін отбасы – тірегі. Жұбайы Аида да Жәйрем кен байыту комбинатында еңбек етеді. Даян, Аянат және Адина есімді үш қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр. Үлкендері қазірдің өзінде мамандық туралы ойланып, ата-аналары сияқты өз болашақтарын Жәйрем кен байыту комбинатымен байланыстырғысы келеді, ал кенжесі мектептегі алғашқы қадамдарын жасауда.

Сирек болатын демалыс күндері отбасы бірге уақыт өткізгенді ұнатады. Әкелері алаңға шыққанда қыздары оның белсенді жанкүйерлері ретінде үнемі жанынан табылады. Ол үшін футбол мен волейбол спорт қана емес, жанын сергітетін әуестігі. Манатты биязы болмысы, көргені мен естігенін қорыта алатындығы, тәртіптілігі мен әрдайым жауапкершілік алуға дайын тұратындығы үшін құрметтейді – командасымен осы қасиеттерімен бөліседі.

«Жауапкершілік басқалардан емес, өзіңнен басталады», – дейді ол.

Ең маңыздысы туралы қысқаша

«Кенші даңқы» марапаты сіз үшін нені білдіреді?
– Бұл менің еңбегім мен жауапкершілігімді жоғары бағалау.

Жетістікке жетуге не көмектеседі?
– Табандылық пен өз ісіңе құрмет. Бастадың ба – соңына дейін жеткіз.

Алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
– Жұмыстың сапасын арттыру және үнемі даму.

Шебердің жұмысындағы ең басты не?
– Адамдарды тыңдай білу. Ұжым өз еңбегінің маңыздылығын сезінгенде – бәрі дұрыс жолға түседі.

Жас мамандарға айтар кеңесіңіз?
– Қиындықтардан қорықпау, жаңа нәрсе үйрену және міндетті түрде бастаған істі аяқтау.

Алена ЕРМОЛАЕВА.
Фото М. Мұздраповтың жеке мұрағатынан алынды.