Қаражал қаласына қарасты Шалғы кентінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған көшпелі қоғамдық қабылдау мен «Құқықтық көмек» іс-шарасы өтті. Қабылдау «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізіліп, оған облыстық және жергілікті деңгейдегі бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты.
Көшпелі қабылдауға облыстық мәслихат депутаты Артем Ким, кент әкімі Азамат Кадирсизов, қалалық бөлімдер мен мекемелердің басшылары келіп, тұрғындар сауалдарын тыңдап, әрқайсысына нақты жауаптар мен түсініктемелер берді.
Шара барысында құқықтық кеңесті қала әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Мергенбай Сембек көрсетті. Ол келген азаматтарға жер, тұрғын үй, әлеуметтік көмек, құжат рәсімдеу және тұрмыстық сипаттағы құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, бірқатар өтініштерді жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік жасады.
Кент тұрғындары үшін бұл қабылдаудың маңызы ерекше болды. Себебі, шалғай елді мекендерде тұратын халық үшін мемлекеттік қызметтер мен құқықтық қолдаудың жедел әрі қолжетімді болуы – аса өзекті мәселе. Сол себепті ұйымдастырушылар осындай кездесулерді жиі өткізіп, тұрғындардың мәселелерін дер кезінде шешуді мақсат етеді.
Шараға кентке жаңадан тағайындалған учаскелік инспектор Данияр Аман да қатысып, қоғамдық тәртіп, құқықтық мәдениет, тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жергілікті жұртшылық учаскелік инспектормен тікелей жүздесіп, өздерін толғандырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.
Қоғамдық қабылдаумен қатар, кент тұрғындары үшін медициналық қызмет те ұйымдастырылды. Учаскелік терапевт дәрігер қабылдау жүргізіп, тұрғындарға алғашқы тексеру, кеңес беру, денсаулықты бақылау және қажет жағдайда тиісті ем-домға жолдама беру жұмыстарын атқарды. Бұл әсіресе, медициналық нысандарға бару қиындық тудыратын егде жастағы тұрғындар үшін қолайлы болды.
Шалғы кентінде өткен бұл шара халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елді мекен тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған тиімді алаңға айналды. Көпшілік мұндай қабылдаулардың тұрақты түрде өтуі ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
