Ұлытау облысында Республика күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Облыс орталығында өткен салтанатты жиынға өңір басшысы Дастан Рыспеков қатысып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға мемлекеттік және салалық наградаларды табыстады.
Ұлытау төріндегі ұлық мереке Салтанатты жиында облыс әкімі Дастан Рыспеков бұл мерекенің өңіріміз үшін маңызы зор екенін ерекше мән бере айтты. – Республика күні – халқымыздың мемлекеттілікке деген берік сенімін, елдік идеяның мәңгілігін айқындайтын қасиетті күн. Бұл мерекенің Ұлт ұясы – Ұлытау үшін орны ерекше. Өйткені, дәл осы жерде 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткенін барлығымыз жақсы білеміз. Бұл – Ұлытауға және жалпы өңірімізге көрсетілген айрықша құрмет пен сенімнің белгісі. Сол тарихи жиында Мемлекет басшысы Республика күнін Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртатынын жариялап, егемен еліміздің жаңа дәуірге бағыт алғанын паш еткен болатын. Сондықтан, бұл мерекенің Ұлт ұясы – Ұлытау үшін орны ерекше, – деп атап өтті өңір басшысы өз сөзінде. Мерекелік рәсім барысында облыс әкімі еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік және салалық наградалармен марапаттады. Дастан Рыспеков Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлеріне, түрлі сала үздіктеріне «Құрмет», «Парасат» ордендерін, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын, сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының және Ұлытау облы сының Құрмет грамоталарын, көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын салтанатты түрде табыс етті. Бұл күні Ұлытау төрінде еңбегімен елге танылған, туған жерінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың есімдері ерекше аталды. Соның ішінде Қаражал мен Жәйрем өңірінің абыройын асқақтатқан тұлғалардың жетістігі барша жерлестер үшін зор қуаныш болды.
Қаражал қаласының экономика және қаржы бөлімі басшысы, тәжірибелі басшы, қаржы саласының үздігі Нұргүл Әбдірахманова еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапат – қажырлы еңбектің, табандылық пен кәсіби шеберліктің әділ бағасы. Нұргүл Жолшыбекқызы ұзақ жылдар бойы қаламыздың қаржы жүйесін мінсіз басқарып, бюджеттік тұрақтылық пен тиімді жоспарлауда үлгі бола білді. Оның еңбек жолы – жас мамандарға өнеге, әріптестері үшін мақтаныш. Мәдениет майталманы, Жәйрем мәдени-сауық орталығының басшысы Ақмарал Иманбекова – «Шапағат» медалімен марапатталды. Бұл – ел руханиятын дамытуға, мәдени өмірді жандандыруға сіңірген зор еңбектің айғағы. Ақмарал Елібайқызы ұзақ жылдар бойы өнер саласында қажырлы еңбек етіп, талай жас өнерпаздың қанаттануына себепкер болды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылық ізденісі – туған жерінің мәдени өмірін байытып жүрген жарқын үлгі. Қаламыздың Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Нұрым Қадірсізов те Республика күні қарсаңында жоғары марапатқа ие болды. Ол ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Нұрым Анасұлының ел басқару ісіндегі мол тәжірибесі, халыққа адал қызметі мен жас ұрпаққа көрсеткен өнегесі – қаламыздың тарихында өшпес із қалдырған еңбек.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
