Қаңтар айының басында сұйытылған газ бағасына мемлекеттік реттеу енгізілгені белгілі. Сол арқылы бағаны алты ай өзгеріссіз ұстап тұру келісілген еді. Міне, 180 күн мерзім аяқталды. Газдың бағасы өзгере ме?
Осы ретте, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі бағаны жыл соңына дейін сақтап қалуды ұсынып отыр. «Ашық НҚА» порталында көпшіліктің талқылауына шығарылған қаулы жобасында осындай бастама көтерілген.
«Бұған дейін шектеу қойған бұйрықтың мерзімі 2022 жылы шілдеде аяқталады. Сұйытылған мұнай газ нарығының бөлшек сегментінде еркін баға белгілеу енгізілсе, бағаның күрт өсуі мен қоғамда әлеуметтік шиеленістің пайда болу қаупі бар. Осыған байланысты, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл соңына дейін сұйытылған мұнай газ бағасын қазіргі мөлшерде қалдыруды ұсынды» деп жазылған құжат жобасында.
Осылайша, сұйытылған газ бағасының ішкі нарықтағы бағасы қазіргі қалпында қалмақ. Нақтылай түссек:
– Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында көлік газының бағасы литріне – 70-75 теңге;
– Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында 60-65 теңге;
– Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында бір литрі 50-55 теңге болып бектіліген.
Өз тілшімізден.