Журналистер еңбегі лайықты бағаланды

Ұлытау облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, ақпарат саласының үздік өкілдері марапатталды. Дәстүрлі мерекелік жиында облыс әкімінің арнайы «Ular-2026» сыйлығы табысталып, өңір журналистерінің кәсіби еңбегі жоғары бағаланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың екі журналисіне екі бөлмелі пәтердің кілттері табыс етілді.

Салтанатты жиында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, журналистердің қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Өңір басшысы олардың ел бірлігін нығайтуға, аймақтың тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттауға қосып жүрген үлесіне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Мерекелік шара барысында сала ардагерлері мен үздік журналистерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды. Олардың қатарында «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгілері және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары бар.

Қуанышты жаңалықтың бірі – «Қазыналы өңір» газеті Ұлытау облысы әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған «Ular-2026» сыйлығының «Өндіріс тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясының жеңімпазы атанды.

Сонымен қатар, газеттің бас редакторы Асель Курбалосова ақпарат саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал газет тілшісі Жазира Мұхидинова кәсіби қызметіндегі жетістіктері үшін Қазақстан Журналистер одағының Басқарма төрағасы Сейтқазы Матаевтың Құрмет грамотасымен наградталды.

Бұл марапаттар – «Қазыналы өңір» ұжымының кәсіби ізденісі мен оқырманға сапалы ақпарат ұсынудағы еңбегіне берілген жоғары баға. Ұжым алдағы уақытта да өңірдің тыныс-тіршілігін, өндірісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты насихаттап, оқырман сенімін ақтауға қызмет ете бермек.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ