Жошы хан дүниеден өткеннен кейін оның ізін екінші ұлы Бату хан жалғастырды. Осы кезеңнен бастап Жошы ұлысы тарихта Алтын орда деген атаумен жазыла бастады. Алтын Орда деген атаумен тарихта қалған ұлы империяның алғашқы билеушісі әрі иісі қазақ хандарының атасы (қазақтың хан ұрпақтарының барлығы да Жошы әулетінен тарайды) Жошы 46 жасында дүниеден өткен. Мазары Жезқазған қаласынан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында тұр.
«Алтын Орда» атауы қайдан шықты?
Әңгімеміздің басында Бату таққа отырғаннан кейін Жошы ұлысы тарихта Алтын орда деген атпен жазыла бастағанын айттық. Осы «Алтын Орда» атауы қайдан шыққан? Сол жайлы бірер ауыз айта кетсек.
Негізінде, «Алтын Орда» деген ресми атау болмаса керек. Тарихшылардың пайымынша, Жошы ұлысы о баста «Ұлық ұлыс» деп аталған. Бату ханның болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті шатырлар құрғызғанға ұқсайды. Яғни, «Алтын Орда» сөзі алтын түсті орда немесе патша сарайынан шыққан. Ал моңғол деректерінде бұл атау Шыңғыс хан билеген төрт тараптың белгі түсіне байланысты қойылған делінеді. Яғни, солтүстік тараптың түсі – қара, шығыс – көк, оңтүстік – қызыл, батыс – ақ, ал сары түс – орталықтың түсі болған. Тарихшы Жақсылық Сәбитов те Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген атаулар ешқандай да мемлекеттің аттары емес екенін айтады: «Ол Жошы ұлысын басқарған хандардың әр кездегі резиденцияларының түсі, атауы. Хан егер астанада болса, дипломаттарды, әмір-кінәздерді алтын киіз үйде қабылдаған. Сол резиденциясын «Алтын Орда» дескен. Ал жазғы жайлауда болса, ақ шатырда қарсы алған. Ханның бұл ставкасы «Ақ Орда» аталған», – дейді тарихшы.
Этникалық құрамы
Алтын Орда халқының басым бөлігі жоғарыда айтып өткеніміздей түркі тайпалары (негізінен қыпшақтар) болған. Егіншілік пен қалалық мәдениетке жақын аумақтарында Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрса, далалық яғни, көшпелі өмірге ыңғайлы өңірлерінде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей тағы да басқа тайпалар мекендеген. Сол секілді моңғол тайпалары да аз болмаған. Бұлардың барлығы да жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кеткен. Хандық халқы алғашқы кезеңде қыпшақ, моңғол тілінде сөйлесе, кейіннен ескі татар тілінде қарым-қатынас құрған деген деректер бар.
Материалды әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ