Жол жөндеу науқаны басталады

Төтенше жағдаймен күрес өз алдына, елдімекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу мен көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да назардан тыс қалмауы керек. Осыған орай Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алқалы жиын өткізіп, қала-аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына қадау-қадау міндеттер жүктеді.

– Көшелерді тазалау, облысаралық сенбілік ұйымдастыру жұмыстары осы аптада басталсын. Жол белгілерін жаңартуды 1 мамырға дейін аяқтауды тапсырамын. Арнайы техника жетпеген жағдайда, уақытша жалға алу жағын қарастырыңыздар, жұмыс тоқтамауы қажет, – деді өңір басшысы.
Берік Әбдіғалиұлы сондай-ақ облыс орталығы мен қала, аудандардағы, елдімекендердегі көшелердің тазалығы мен абаттандыруға жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын бақылауда ұстауды тапсырды. Жұмыс мардымды орындалмаған жағдайда айыппұл салу қажет екенін жеткізді.
Өңір басшысы жиында қоғамдық көліктер мен халық көп жүретін жолдардың нәтижелі жұмыстарына басымдық беру міндетін де алдыңғы орынға қойды. Белгілі болғандай, осы аптада Жезқазған қаласының үш көшесінде ағымдық жөндеу жұмыстары басталмақ.
Сонымен қатар жиында облыс әкімі негізгі көшелер мен саябақтардағы жарықтандыру жұмыстарының әлсіздігін де сынға алды.
Одан бөлек, облыста рұқсат етілмеген полигондарды анық­тап, тазалау үшін космомониторинг жұмысын жеделдету қажет екенін айтты.

Аманкелді АҚШАЛ.