Қаражал қаласының Ақтай шағын ауданында тұрғындармен кездесу өтті. Кездесу барысында Қаражал-Атасу бағытындағы жол құрылысына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.
Орайы келгенде айта кетейік, аталған жол – республикалық маңызы бар нысан. Құрылысмонтаж жұмыстары әлі толық аяқталмағанымен, тұрғындар мен өндірістік кәсіпорындардың ауыр техникасы жолдың асфальт төселген бөлігінен өтіп, аяқталмаған учаскеге – топырақ жолға (грейдер) түсіп жүр. Бұл, өз кезегінде, тұрғындар қауіпсіздігіне және құрылыс сапасына кері әсерін тигізуде.
Осыған байланысты, азаматтардың шағымдарын назарға ала отырып, жауапты мекемелермен бірлесіп, жолдың аяқталмаған бөлігінде көлік қозғалысына толық шектеу қою туралы шешім қабылданды. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құрылыс сапасын сақтау және жұмыстың уақытылы аяқталуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асқан маңызды қадам.
Құрылыс толық аяқталғанға дейін балама ретінде пайдаланылатын топырақ жол мердігер ұйымның қатысуымен арнайы күтімге алынады. Бұл жолға республикалық бюджеттен су себу және тегістеу жұмыстарына қаржы бөлінеді.
Сондай-ақ, осы бағытпен жиі жүретін ауыр техникасы бар жергілікті кәсіпорындар – «Karazhal Operating» ЖШС және «Mining Technology» ЖШС жолдың жағдайын жақсартуға өз үлесін қосатын болады.
Жоба барысы жіті бақылауда ұсталып, мердігер ұйымдармен жүйелі жұмыс жолға қойылған. Тұрғындармен тұрақты әрі ашық диалог орнатылған. Туындайтын мәселелер жан-жақты сараланып, тиісті басқару шешімдері қабылдануда.
Барлық шаралар халықтың мүддесін толықтай ескере отырып, жол құрылысының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ізбасар ОЙБАС.