Мәлік Отарбаев Ұлытауда қоғамдық тұрақтылық жайын сөз етті
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Ұлытау облысына келіп, аймақ активімен кездесті. Жиын барысында биыл Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды.
Актив отырысына облыс әкімі, оның орынбасарлары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
– Ұлытау облысына келудегі мақсатым – Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасы бойынша пікір алмасу. Президенттің бұл баяндамасы – мемлекеттік маңызы бар құжат. Құрылтайда заң мен тәртіп, ұлттық бірлік, жастар тәрбиесі сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Ел Президенті ең алдымен заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі, – деді Мәлік Отарбаев.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндама жасады.
Сапар аясында Президент кеңесшісі облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік және спорт нысандарын аралап, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, әлеуметтік сала мамандарымен және өңір имамдарымен кездесті.
Кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер, қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолдары мен рухани тәрбие тақырыптары кеңінен талқыланды.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.