Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аман Бәрекенов Жезқазған өңірінің кәсіпкерлер және өнеркәсіпшілер қауымдастығына кіретін бірқатар кәсіпорындармен танысты.
Ағымдағы жылдың 31 наурызы мен 1 сәуірі аралығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Аман Бәрекенов Жезқазған өңірі кәсіпкерлер және өнеркәсіпшілер қауымдастығының (бұдан әрі-Қауымдастық) төрағасы Лариса Гелисхановамен бірлесіп, Қауымдастық құрамына кіретін бірқатар кәсіпорынға барды. Айта кетсек, «Қазтехфильтр» ЖШС мамандандырылған машиналарға арналған ауа сүзгілерін өндіру, «GRP Азия» ЖШС арнайы техникалардың іштен жану қозғалтқыштарын күрделі жөндеу, «Евротехсервис» ЖШС тау-кен шахта жабдықтары мен арнайы техниканы жөндеу және сервистік қызмет көрсету, «Промтестплюс» ЖШС оттегі өндірісі, «Венталекс» ЖШС желдету мен аспирация жүйелерін дайындау және монтаждау, «Ремстрой» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстары, «Самға» ЖШС темірбетон бұйымдарын өндіру, «Арша мебель» ЖШС жиһаз өндірісі, «Дүзен групп» ЖШС резеңке техникалық бұйымдар өндірісі, «Надежность и долговечность» ЖШС стационарлық жабдықтар мен машиналарға қызмет көрсету, «Гелисханова» ЖК жабдыққа арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, «Сатпаевский завод минеральных и фруктовых вод» ЖШС ауыз су өндірісі, «ЖезРемШина» ЖШС шиналарды қалпына келтіру, «Рудсервис К» ЖШС компрессорлық қондырғыларға қызмет көрсету цехтері.
Жезқазған өңірінің шағын және орта бизнес өкілдері кіретін қауымдастық — кәсіпорындардың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті тиімді дамытуға және өңірдегі әлеуметтік-бағдарланған экономика қағидаттарын іске асыруға бағытталған. Басты міндет — ішкі және сыртқы нарықта отандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары.
Сапар барысында А.Бәрекенов жоғарыда аталған кәсіпорындардың жұмыс барысымен және проблемаларымен танысты. Кездесу кезінде кәсіпкерлер ең өзекті мәселелерді атап өтті. Яғни, мемлекеттік сатып алу, импортты алмастыру бойынша қалақұраушы және жүйеқұраушы кәсіпорындармен ынтымақтастық, ұзақ мерзімді шарттар жасасу туралы мәселені пысықтау, жер беру мәселелері және тағы басқа Қауымдастықтың тауар өндірушілері қазақстандық өндірістің шикізаты мен материалдарын сатып алу үшін арнайы квоталарды пайдалану, сондай-ақ импортты алмастыратын немесе экспорттық өнім шығаратындар үшін салықтық жеңілдіктер алу жөнінде мәселелерді көтерді.
Сапар қорытындысы бойынша А.Бәрекенов мәселелерді шешу және қалақұраушы кәсіпорындардың басшылығымен кездесулер ұйымдастыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Ұлытау облысы әкімінің баспасөз қызметі.