Жезқазған–Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы басталды

Жобаның басталуы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өтті.

Жобаның жалпы ұзындығы – 572 шақырым. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Республикалық маңызы бар жол құрылысының басталу рәсіміне «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы, ел үшін айрықша маңызы бар әрі көптен күткен жоба. Бүгін оның құрылысына ресми түрде бастау беріліп отыр. Жоспарға сәйкес жоба 2029 жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер ұйымдармен келіссөздер жүргізіп, тиісті міндеттер жүктейміз. Негізгі мақсатымыз – құрылыс қарқынын жеделдетіп, жобаны мүмкіндігінше ертерек, яғни 2028 жылдың өзінде аяқтау», – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шара барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды.

«Бұл жол Астана мен еліміздің оңтүстік өңірлерін Ұлытау арқылы байланыстыратын маңызды көлік дәлізі. Сондықтан республикалық маңызы бар автожолды жаңғыртуды облыс тұрғындары ғана емес, күн сайын осы бағытта қатынайтын мыңдаған жүргізуші мен жолаушы көптен бері күтті. Қаржыландыру мәселесі шешіліп, жобаның нақты жүзеге аса бастауы – барша жұртшылық үшін қуанышты жаңалық. Осы маңызды бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Үкіметке, сондай-ақ жобаны іске асыруға атсалысып жатқан барлық азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді облыс әкімі.