Өткен аптаның соңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті. «Байқоңыр» мейрамханасында байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған ұлттық байқау есте қаларлықтай болды.
Ырысы мен ынтымағы жарасып, бірлігімен көпшілікке үлгі болған отбасыларды дәріптеу мақсатында өтіп келе жатқан ұлттық байқауға облысымыз бойынша оншақты отбасы қатысып, бақтарын сынаған еді. Байқау қорытындысы бойынша бірнеше отбасылар арнайы номинацияларға ие болды. Солардың қатарында біздің жерлестеріміз де бар. Атап айтқанда, Қаражал қаласының тұрғындары – Үйсімбаевтар отбасы «Парасатты отбасы» номинациясына ие болса, Мұздыбаевтар отбасы «Үлгілі отбасы» атанды. Барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды
Олайы келгенде айта кетейік, ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде Жезқазған қаласынан Доспановтар отбасы І орынды жеңіп алып, республикалық байқауға жолдама мен 300 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Олар қыркүйек айында Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Ұлытау өңірінің намысын қорғамақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ