Жеңіс жолындағы жігер

Спорт – тек күш пен ептіліктің ғана емес, табандылық пен қайсарлықтың, тәртіп пен төзімділіктің мектебі. Жеңіс тұғырына көтерілген әрбір спортшының жетістігінің артында маңдай тер, тынымсыз еңбек, сансыз жаттығу мен асқақ арман жатады.

Бүгінде еліміздің көк туын түрлі жарыстарда желбіретіп, туған жерінің мерейін үстем етіп жүрген спортшылар аз емес. Солардың қатарында Қаражал қаласының тумасы, жас та болса талай додада топ жарып жүрген талантты палуан Қылыш Еренғайыповтың есімі ерекше аталады.

Өткен аптада Абай облысында өткен «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі аясындағы «ASYL ARLAN–2026» республикалық турнирі еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты палуандардың басын қосты. Дүбірлі додада ұлттық күрестің үздіктері бақ сынап, өзара күш пен шеберлікті сарапқа салды.

Осындай бәсі жоғары жарыста жерлесіміз Қылыш Еренғайыпов қазақ күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып, қарсыластарының барлығынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, ол осы салмақтағы үздік палуан ретінде «Өгіз палуан» атағына ие болды.

Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухын, батырлық болмысын, күш-қайратын танытатын қасиетті спорт түрі. Мұндай ірі республикалық турнирлерде жеңіске жету үшін спортшының тек физикалық дайындығы ғана емес, тактикалық шеберлігі, психологиялық тұрақтылығы мен жеңіске деген жігері де жоғары деңгейде болуы қажет.

Қылыш Еренғайыпов жарыс барысында осы қасиеттердің бәрін айқын көрсете білді. Турнир басталған сәттен-ақ оның жеңіске деген ұмтылысы мен жоғары спорттық формасы байқалды. Ол бозкілемге шыққан әр белдесуінде батылдық танытып, қарсыластарына өз мүмкіндігін толық көрсетті.

Финалға дейінгі барлық кездесулерін мерзімінен бұрын таза жеңіспен аяқтауы – оның жарысқа тыңғылықты дайындалғанының нақты дәлелі.

Алғашқы айналымда жерлесіміз әлем чемпионы, тәжірибелі палуан Ниетбай Дәулетпен кездесті. Көпшілік тартысты белдесу күтсе де, Қылыш қарсыласын шебер әдіспен жеңіп, келесі кезеңге сенімді түрде өтті. Бұл жеңіс оның турнирдегі басты фавориттердің бірі екенін көрсетті.

Келесі белдесуде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Әлихан Мұқатаевпен күш сынасты. Жекпе-жек барысында Қылыштың шапшаңдығы, әдіс қолданудағы дәлдігі мен белсенді күресі басымдық танытып, таза жеңіске жеткізді.

Жартылай финалда оған Қарағанды облысының палуаны, Азия чемпионы Еламан Қуанбай қарсы тұрды. Бұл белдесу жарыстың ең тартысты кездесулерінің бірі саналды. Дегенмен, Қылыш өз шеберлігі мен мықты дайындығының арқасында атақты қарсыласын да таза жеңіп, финалға жолдама алды.

Финалдық белдесуде Павлодар облысының палуаны Асылжан Ғайсаевпен кездесті. Екі спортшы да жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі белдесу сыйлады. Негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмағанымен, қосымша уақытта Қылыш ерекше қайсарлық танытып, қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде таза жеңіске қол жеткізіп, турнир чемпионы атанды.

Турнир қорытындысында бас жүлде ретінде тігілген CHANGAN автокөлігі Қылыш Еренғайыповқа табысталды. Бұл оның спорттағы табысты жолының тағы бір маңызды белесі болды.

Спортта кездейсоқ жеңіс болмайды. Әрбір медаль мен әрбір чемпиондық атақтың артында күнделікті жаттығу, өзін-өзі жетілдіру, тәртіп пен жауапкершілік тұрады.

Қылыштың бүгінгі жетістігі – ұзақ жылдық еңбектің, бапкерлердің білікті тәлімінің және отбасының қолдауының нәтижесі.

Спорт — адам бойында табандылық, тәртіп, жауапкершілік, ерік-жігер сияқты асыл қасиеттерді қалыптастырады. Қылыш Еренғайыпов осы қасиеттердің бәрін бойына сіңіріп, еңбектің арқасында үлкен белесті бағындырды. Оның бүгінгі жеңісі – жас буынға үлгі, алға ұмтылған әрбір спортшыға мотивация.

«Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Қылыштың жеңісі осы сөздің шынайы дәлелі. Қайсар мінезі мен қажырлы еңбегінің арқасында ол үлкен жетістікке жетіп, туған жерінің мерейін өсірді. Алдағы уақытта да республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғай беретініне сенім мол.

Жерлесіміз Қылыш Еренғайыповқа мықты денсаулық, толағай табыс, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз. Жеңіс жалауы әрдайым желбіреп, спорттық жолы сәттілікке толы болсын!

Ақбота САЖИНОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II курс студенті.