ЖАСЫЛ ЕЛ  ЖАСАҒЫ ӨҢІРГЕ ӨНЕГЕ           

Жыл сайын дәстүрлі түрде «Жастар ресурстық орталығы» КММ  ұйымдастыруымен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қала көшелерін абаттандыру, жақсарту бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады. Яғни, жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмаған жасөспірім балаларды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізіледі.

Бұл бағдарламаның басты мақсаты — жастардың көмегімен аймағымызды көгалдандыру, абаттандыру, сол арқылы жасөспірім балалар мен жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтып, жас ұрпақ арасында патриоттық және экологиялық тәрбиені насихаттау болып табылады.

Осы бағытта ағымдағы жылдың маусым, шілде, тамыз айларында Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысын бастау жоспарланып отыр. Оның жүзеге асырылуына қадағалаушы топ құрамы және жұмыс көлемі бекітіліп, ата-аналардың рұқсатымен және қатысушы жастардың өз еркімен 14 және 35 жас аралығындағы 135 адам жұмыспен қамтылады.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарына күнделікті жұмысты «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ тапсырма беріп отырады.

Бұл бағдарлама бойынша бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар, атаулы көмек алатын отбасылар, толық емес отбасыдан шыққан жастар жұмыспен қамтылады. Жазғы еңбек маусымының ашылуы ағымдағы жылдың 4 маусымына жоспарланды.

Жасыл елдегі жастар қатары тек қана аймағымыздың көгалдануына ғана емес, оған қоса біздің ортақ шаңырағымыз — Қазақстанның өркендеуіне жаңа буынды тәрбиелеуде маңызы зор.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ