Жастардың жазғы демалысы – пайдалы еңбек пен тәрбиенің мектебі

Жаз мезгілі – балалар мен жастар үшін демалыс қана емес, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, еңбекке баулудың маңызды кезеңі. Осы бағытта Қаражал қаласында «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында бірқатар игі жұмыстар атқарылуда.

Жоба жастарды еңбекке тәрбиелеумен қатар, туған жерді көркейтуге, қоғамдық белсенділікті арттыруға және қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде «Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Шыңғыс Сағындықпен сұхбаттасқан едік.

– Шыңғыс Әбілқасымұлы, биылғы жазғы маусымда жастардың бос уақытын ұйымдастыру бағытында қандай жұмыстар қолға алынды?

– Биыл «Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы» КММнің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында және «Nurly jurek ordasy» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жасыл Ел» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама арқылы Қаражал қаласы, Жәйрем және Ақтай кенттерінде барлығы 165 жас жұмыспен қамтылды.

Негізгі мақсатымыз – жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасап, оларды еңбекке баулу және қоғамға пайдалы іске тарту. Жастар көгалдандыру, тазалық жұмыстары, қоғамдық орындарды абаттандыру бағыттарында еңбек етуде. Сонымен қатар, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.

– Бағдарламаға қатысатын жастар қалай іріктеледі? Әлеуметтік қолдау мәселесі қалай қарастырылған?

– Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар ата-анасының рұқсатымен және өз еркімен қабылданады. Қазіргі таңда аз қамтылған, көпбалалы, толық емес және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан жастарға басымдық берілуде.

Бұл бағыттағы бос жұмыс орындары бойынша өтінімдер «Enbek.kz» порталы арқылы жолданды. Жұмыс уақыты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленген. 14-16 жас аралығындағы сарбаздар күніне 4 сағат, 16-18 жас аралығындағы жастар 6 сағат, ал 18-35 жас аралығындағы қатысушылар 8 сағат еңбек етеді.

Еңбекақы мөлшері де жас ерекшелігіне қарай төленеді. Кіші топтағы жастарға 85 мың теңге, жоғары топтағы жастарға 127 мың теңге қарастырылған. Оған міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер енгізілген.

– Жастардың еңбек ету барысында қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Бұл – басты назардағы мәселе. Жасақ қатысушылары зиянды немесе қауіпті жұмыстарға тартылмайды. Барлық жұмыс Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады. Қатысушылар арнайы киіммен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, қадағалаушы топ құрылып, жұмыс барысы тұрақты бақылауда ұсталады. Жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болғандықтан, еңбек етуге қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріліп отыр.

– «Жасыл Ел» бағдарламасының тәрбиелік маңызы туралы не айтасыз?

– Бұл бағдарлама тек еңбек маусымы ғана емес, үлкен тәрбие мектебі деп айтуға болады. Жастар еңбек арқылы жауапкершілікке, тәртіпке, ұйымшылдыққа үйренеді. Сонымен қатар, үлкендерді құрметтеу, қоғаммен араласу, туған жерге жанашырлық таныту секілді құндылықтарды бойына сіңіреді.

Мәселен, айына екі рет өткізілетін «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында сарбаздар қарттарға көмектесіп, тұрмыстық қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, мотивациялық семинарлар, спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Жазғы маусым соңында белсенді жастар марапатталып, жабылу салтанаты өткізіледі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.