Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану

Адам факторының белсенділігін жандандырудың көп шарттарының бірі – бос уақытты тиімді пайдалану. Бос уақыт – бұл жұмыстан немесе оқудан тыс мезгілде өз бетінше білім деңгейі мен мамандығын көтеруге, қоғамдық жұмыстарды атқаруға, дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға, шығармашылық еңбек пен көркем әдебиет, көркем өнермен айналысуға, оқу мен теледидар көруге бағышталған уақыттың бір бөлігі.

Адамдар рухани өмірдің жай тұтынушысы ғана болмай, оның белсенді жасаушысы да болу үшін  міндетті түрде бос уақытты ұтымды пайдалануға дағдылану орынды.

«Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығы» КММ жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен оларға қолдау көрсету, түрлі салалар бойынша бағыт-бағдар бере отырып, шыңдалуына жол ашу мақсатында аймақ жастарымен тығыз жұмыс жасауда. Айта кететін болсақ біздің орталықта көптеген жастар жазғы демалыста уақыттарын бос өткізбей «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеп, ақша тауып қана қоймай қаланың көркеюіне де үлкен үлестерін қосты. Сондай-ақ, «Жастар ресурстық орталығы» КММ жастарымыздың таланттарын шыңдау мақсатында көптеген конурстар ұйымдастырып, үнемі мадақтамалар мен түрлі сыйлықтармен қуантуда.

Қаламыздағы бұл орталық арқылы көптеген жастар жыл сайын қала әкімінің Грантына қатысып кәсіп бастауда, жыл сайын қаламыздағы ең үздік мамандар диплом-сертификаттармен марапатталуда  және де азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына шақырылған азаматтарымызды жастардың қатысуымен әскери-патриоттық сезімдерін ояту мақсатында әскерге шығарып салу мен күтіп алу рәсімі жоғары деңгейде өткізіледі. Әр мейрам сайын жастардың қатысуымен түрлі іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылуда.

«Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығы» КММ қаламызда жұмыссыз жүрген жастар мәселесі мен барша жастарға діни, заңгерлік және психологиялық кеңестер, бағыт-бағдар, ақпараттар беру арқылы жастарды тыңдауға, көмек беруге әрқашан да дайын.

Осы орайда, тағы бір ауыз толтырып айта кететін жайт қала жастарының қайырымдылық пен жақсылық жасау мақсатында қарттарға, аз қамтылған отбасыларға үнемі қол ұшын беріп жүретіндігі қуантады. Болашақ – жастардың қолында! Елімізде дені сау, білімді, өнерлі, талантты, тәрбиелі ұрпақтарымыз өркендей берсін!

Айдана  МАКАЕВА,

«Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығы» КММ

заңгер маманы.