Жастар және экология: Ұлттық құрылтай көтерген маңызды бағыт

Қазіргі кезеңде экологиялық мәселелердің өзектілігі күннен-күнге артып келеді. Қалалардың тез урбандалуы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі және жасыл аймақтардың азаюы табиғатты қорғау мен оны қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді талап етеді.

Осындай маңызды міндеттерді шешуге бағытталған тиімді бастамалардың бірі – Қазақстандағы «Жасыл ел» жобасы.

«Жасыл ел» – жастарды еңбекке баулу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендерді көгалдандыруға тарту мақсатында жүзеге асырылатын республикалық бағдарлама.

Оның басты мақсаты – табиғатты қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар арқылы жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және оларды қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылдыру.

Бағдарлама тек еңбекпен қамтуды ғана көздемейді, сонымен қатар, жас ұрпақтың экологиялық санасын дамытуға, туған жерге деген сүйіспеншілігін күшейтуге және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Жасыл ел» жобасының қоғам үшін маңызы өте зор.

Біріншіден, ол қалалар мен ауылдардың экологиялық жағдайын жақсартуға нақты үлес қосады.

Екіншіден, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, оларды пайдалы еңбекке баулиды.

Үшіншіден, бұл жоба арқылы жас буын табиғатты қорғаудың тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де маңызды екенін түсінеді.

Сонымен қатар, «Жасыл ел» – әлеуметтік маңызы бар еңбек алаңы.

Мұнда қатысушылар еңбек тәртібін, ұжыммен жұмыс істеуді және жауапкершілікті үйренеді.

Бұл тәжірибе олардың болашақ кәсіби өмірінде де үлкен рөл атқарады.

Міне, осы ауқымды жоба Қаражал қаласында да жыл сайын жоғары деңгейде өткізіліп келеді.

Биыл да жүзден астам қала жастары осы жұмысқа тартылды.

Қазір «Жасыл ел» еңбек жасағы қала аумағын көркейту және абаттандыру жұмыстарына белсенді түрде қатысуда.

Жасақ мүшелері саябақтар мен гүлзарларды тазалап, көшелердегі қоқыстарды жинау, ағаштарды күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде атқаруда.

Мұндай жұмыстар тек сыртқы көріністі жақсартып қана қоймай, қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға да ықпал етеді.

Жасыл желектердің көбеюі ауаның сапасын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде экологиялық тәртіп пен тазалық мәселесіне ерекше тоқталып, «таза орта қалыптастыру – тек коммуналдық жұмыс емес, ол – азаматтық мәдениеттің көрсеткіші» екенін атап өтті.

Президенттің бұл тұжырымы қоғамға үлкен ой салып, әр азаматтың туған жер алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталды.

Осы тұрғыдан келгенде, Жоба аясында жастар тек физикалық еңбекпен шектелмей, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді.

Олар қала тұрғындарына қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын насихаттап, экологиялық мәдениеттің қоғам дамуы үшін қаншалықты қажет екенін көрсетеді.

Бұл – тек бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді тәрбиелік мәні бар процесс.

Себебі, экологиялық жауапкершілік әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс.

Сайып келгенде, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала келбеті айтарлықтай жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптасуда.

Тазаланған көшелер, күтіп-бапталған саябақтар және көгалдандырылған аумақтар – осы еңбектің нақты жемісі.

Болашақта «Жасыл ел» жобасының ауқымын кеңейту арқылы экологиялық бастамаларды одан әрі күшейтуге болады.

Бұл жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, экологиялық тұрақты қоғам құруға жол ашады.

«Жасыл ел» – тек еңбек жасағы емес, ол – «Таза Қазақстан» идеясын дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік қозғалыстың бір парасы.

«Таза Қазақстан» – ел болашағына бағытталған маңызды идеологиялық ұстаным.

Ол «Жасыл ел» сияқты жастар бастамаларымен ұштасқанда ғана нақты нәтижесін береді.

Қаражал қаласында атқарылып жатқан жұмыстар осының айқын дәлелі.

Туған жерді таза ұстау – әр азаматтың парызы.

Өйткені, экологиялық мәдениет қалыптасқан қоғам ғана өркениетті, дамыған және болашағы жарқын елге айналады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ