Жасөспірімдер таңдауы

Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында «Заңды таңдау – дұрыс жол, дұрыс жол – жарқын болашақ» атты қалалық жастар форумы өтті. Форумға 8–10 сынып оқушылары, ата-аналар, педагогтер, сондай-ақ, прокуратура, құқық қорғау органдары, аурухана психологы және әскери сала өкілдері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлықтың зиянын түсіндіру және кәсіптік бағдар беру арқылы саналы таңдау жасауға ықпал ету. Форум аясында бірінші қабаттағы холлда кәсіби бағдар беру жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Қаражал тау-кен колледжі мамандары талапкерлерге оқу бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, № 1, 3, 7 білім беру ұйымдары өз жетістіктерімен таныстырып, олимпиада, спорт және ғылыми жобалар бойынша табыстарын көпшілік назарына ұсынды. Балалар өнер мектебі ұжымы «Әлем – балалар көзімен» фотокөрмесі оқушылардың шығармашылық әлеуетін айқындап, форумның мазмұнын байыта түсті.

Форумның ресми бөлімі пленарлық отырыспен жалғасты. Жиынды Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова ашып, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі құқықтық мәдениеттің маңыздылығына тоқталды. Жиында Қаражал қаласы прокуратурасының прокуроры Нұрбол Шәкіров «Заңды білу – өз құқығыңды қорғау» тақырыбында баяндама жасап, заң алдындағы жауапкершілік ұғымын түсіндірді. Полиция бөлімінің өкілі Ерғали Асылхалиев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне тоқталып, жауапкершілік отбасынан басталатынын атап өтті. Ал қалалық қорғаныс істері бөлімінің бөлімше бастығы Батырхан Төлеубай әскери қызметтің мәртебесі мен болашақ мамандық таңдаудағы маңызы туралы айтты. Қаражал қалалық ауруханасының психологы Әйгерім Жылқыбаева нашақорлықтың психологиялық және әлеуметтік салдары жөнінде түсіндірме беріп, қиын жағдайда көмек сұраудың маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында 8–11 сынып оқушылары арасында өткен «Нашақорлық – бір сәттік қызығушылық, бірақ, ұзақ өкініш» атты қалалық бейнеролик байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға аймақ мектептерінің оқушылары қатысып, өз туындылары арқылы қоғамдағы өзекті мәселені көтере білді.

Байқау қорытындысы бойынша № 10 мектеп жүлделі І орынды, № 11 мектеп жүлделі ІІ орынды, № 3 мектеп жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, ақшалай сертификаттар табысталды.

Форум соңында оқушылар «Есірткіге жол жоқ!», «Заң – қорғанымыз!», «Болашақ – өз қолымызда!» ұрандарымен флешмоб ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қолдайтындарын білдірді.

Бұл форум – тек ақпараттық кездесу емес, жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыруға, саналы таңдау жасауына бағытталған маңызды қадам болды. Өйткені, заңды сақтау – өз болашағыңды сақтау. Ал дұрыс таңдау – жарқын болашақтың кепілі.

Бақыт МАМИНА,
Қаражал қаласы білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері.