Қаламыздың спорт мектебі жағымды жаңалықпен тағы бір мәрте халқын қуантты. 29 наурыз бен 2 сәуір аралығында Талдықорған қаласындағы 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасындағы халықаралық тартыстан жерлесіміз Аслан Мұхамеджанов+100 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Ал, 9-10 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында дзюдо күресінен 2005-2007, 2008-2009 жылдары туылған жасөспірім ұлдар арасында спорт клубтардың қалалық турнирі өтті. Топ жарғандардың арасынан біздің де спортшылар оза шауып, 1-орынды иеленді. 46 келі салмақ дәрежесі бойынша Ернар Ұзақбай, 60 және +66 келі салмақ дәрежесінде Қуаныш Төлеген мен Нұржан Егінтаев алтын медальға ие болды. Ал, 42 және 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жан Хасен мен Әліби Мұқажанов 2-орынға табан тіреді. Сондай-ақ, 3-орын иегерлері 42, 50, 55 және 60 келі салмақ дәрежесінде күрескен Нұрасыл Аманжан, Ерасыл Ахан, Нұрсерік Қамар, Әбдуәли Ілияс атанды.
Жерлестеріміз өздерінің өнерлерімен және жетістіктерімен қаламыздың абыройын тағы бір асқақтатты десек артық емес. Біздің өңіріміз облыс, республика көлемінде, әсіресе осы дзюдо күресінен осал еместігі айқын. Әлбетте ол біздің ұстаз-жаттықтырушыларымыздың орасан еңбегі деп білеміз. Әсіресе дзюдо сөзімен синонимдес есімдер, яғни Қаражал қаласының «МОРДБЖМ» КММ ұстаз-жаттықтырушылары Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Дүйсенбай Тажкеев, Дүйсенбай ағаның шәкірттері Артем Ким, Арман Отарбаев, Ерболат Зекен жоғарыдағы балалардың тәрбиешілерін атап айтқымыз келді. Ендеше, жұмыстарыңыз жемісті, спортшыларыңыз жеңісті болғай!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ