Жуырда Қаражал қалалық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Мұхамединнің «Сері далам, сал далам» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке Ғалым Мұхамединнің шәкірттері – Тайжан Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филормониясының әншілері де қатысып, қазыналы өңірдің жұртшылығын дәстүрлі әннің әуезіне бөледі.
Дәстүрлі ән, халық әні дегенде елең етпес құлақ бар ма, шіркін! Әуелеген әуезді әндерді тамсана тыңдайтындар әлі де аз емес. Тек сондай ескі, есті әндер бүгінде азайып бара жатқандай. Десек те, сол әндерді ел ішінен дән тергендей теріп, елеусіз қалған әндерді әлпештеп жинап, зерделеп зерттеп тыңдарманына қайра ұсынуда талмай жұмыс істеп жүрген жандардың бірі осы – Ғалым аға Мұхамедин. Бүгінде, қазақ радиосының алтын қорына екі жүзге тарта әндерді жинақтаған Ғалым Мұхамедин ағамыздың еңбегі әрине ерен.
Ән әуелеген әсерлі кеште кеш қонақтары дәстүрлі әннің бүгіні мен келешегі жайлы да келелі әңгіме қозғады. Ғалым аға Қаражал халқын, әсіресе өнерсүйер жастарды Жезқазған қаласындағы филормонияға тегін оқуға шақырды. Ондағы мақсат, алтынқордағы Тайжан Қалмағанбетовтың «Сақсақ», «Жігіттерге» сынды әндері, Балуаншолақтың «Сентәбірі», Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы», әсіресе, Нүркей серіден қалған жалғыз ән «Нүркейдің әні» сынды сирек әндерді жоғалтып алмай, кейінгі буын үйреніп болашаққа жолдаса дейді. Кеш соңында қазыналы өңірдің жұртшылығы атынан Қаражал қаласының ақсақалы Жарқынбай Жетімеков жүрекжарды лебізін білдіріп, осынау алтын қазынамен келген дәстүрлі әншілер тобына алғыс айтты.
Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейітов те Қаражал қаласының әкімшілігінің атынан алғыс білдіріп, Ғалым Мұхамедин ағамызға ат мінгізді. Елге ерекше әсер сыйлаған тамаша кештен кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Мұхамедин ағамызбен сұқбаттасудың да сәті түскен еді.
– Сіздің әндеріңізді тыңдағанымызға өте қуаныштымыз. Өзіңізге бірер сұрақ қойсам деп едім. Ең алғаш сахнаның киесін сезініп, өнеріңіздің бастауы, қайнар көзі болған, көрермендерге алғаш паш еткен әніңіз жайлы айта аласыз ба?
– Әрине, айналайын, сұрағың өте орынды. Әлігінде, концертімде айттым ғой, ең алғаш сахнаға шыққанда кішкентай ғана бала едім. Сол кезде ең алғаш үш жүз адам жиналған дүбірлі концертте Жаңаарқаның намысын қорғап, сахнаға Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін алып шыққанмын. Содан даусым ұнады ма, әлде қаршадай басыммен қасқайып сахнаға шыққаныма тамсанды ма білмеймін, бір-екі ересек жігіт келіп, «Сен бала әнді жақсы айтады екенсің. Бізбен бірге Алматыға жүр, онда Жүсіпбек Елебеков сынды атақты ұстаздардан тәлім аласың» деді. Содан міне өнер жолым да бастау алды. Өзім осы «Тау ішінде» әнін ерекше қастерлейтінім де осыдан.
– Концерт барысында өзіңіздің шәкірттеріңіз көп екенін және бүгінде әр қайсысы әр салада елеулі еңбек етіп жүргенін айта кеткен едіңіз. Ал өзіңіздің тура жолыңызды қуып, ізіңізді басып жүрген шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз…
– Өзімнің жолымды қуып жүрген мына Ардақ Мұқышев деген жігіт. Сосын Гүлдәурен Жидебаева, сосын, Дәрігүл Алдажанова деген қызым бар Сәтбаев қаласында, одан соң Қарлығаш Байдалина деген театрда шәкіртім бар. Амангелді Күсебаев деген шәкіртім сонау консерваторияда дәстүрлі әндер кафедрасының меңгерушісі, ол доктор. Сосын енді жер-жерде жолымды қуып жүрген балаларым көп, мектептерде, коллдждерде, музыка мектептеріне сабақ беріп жүр біразы.
– Қазақ даласын тебіренткен дәстүрлі әніміздің халық арасындағы дәрежесі қандай? Қазіргі таңда эстрадалық әндерді тым асқақтатып, дәстүрлі әннің тыңдаушысы азайып бара жатқан тәрізді. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?
– Енді бұрынғы адамдардың бәрі кетіп қалды ғой, көненің көздері жоқ… кейінгі балалрға да ештеңе айтуға болмайды, әлі жаңадан тәрбиеленіп келе жатқан жас буын ғой. Дәстүрлі әндерді тыңдап өспеген. Ал менен үлкендер кезінде керемет тыңдайтын халық әнін. Мен сахнада тұрғанда «Жезкиікті» айтшы, «Әупілдекті» айтшы, — деп отыратын заман болған. Бірақ бұл енді уақытша нәрсе шығар деп ойлаймын. Негізі дәстүрлі әнді қайтсе де балалар келешекте айтады. Халық та сол бағытқа бұрылады кейіннен. Міне бір Димаштың өзі бүкіл дүние жүзіне домбыраны танытып жатыр ғой. Ептеп-ептеп келеді, көкетай, оған.
– «Заманына қарай адамы»- дейді ғой. Десек те, заманды өзгертетін адамдардың әрекеті емес пе?! Дәстүрлі әнді қазірден қастерлеп, ұрпаққа кеңінен таныту үшін қандай шара қолданса болады деп ойлайсыз?
– Расында да адамның қолында ғой бәрі. Әлгі «идеология» дей ме… идеология домбыра туралы айтпайды, халық әндері туралы айтпайды, кешегі Әміре Қашаубаевтарды айтпайды, Күләш апаны айтпайды қазір, иә? Бұларды компьютерден тауып алады да қарай салады. Бірақ олардың кім екенін, қазақи құндылығын ешкім айтпайды.
Бірақ мен қазіргі таңда кішкентай балаларды оқытып жатырмын. Қарап отырсам жақсы өзгерістер бар, әнге деген, ұлттық құндылыққа деген ұмтылыстары әжептәуір жақсарған. Салт дәстүрімізді, дәстүрлі әндерімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді кейінгі ұрпаққа көбірек дәріптеп, үйретіп, талдап-талқылап отырсақ келешекте ұлт ұрпағының ата дәстүріне, тарихына деген құрметі арта түсері сөзсіз!