Жаңа белестер мен даму бағыттары сараланды

Ұлытау облысында өңір журналистерінің басқосуы өтті. Жиында «Қазыналы өңір» газетінің тілшісі, әріптесіміз – Гауһар Наурызбаева ҚР Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл – оның кәсіби жолындағы үлкен жетістік әрі өңірлік журналистиканың дамуына қосқан үлесі деп айтуға болады.

Кездесу барысында өңірдің ақпараттық саласын дамытуға бағытталған жаңа жоспарлар мен ұсыныстар кеңінен талқыланды. Жиынды ашқан Қазақстан Журналистер Одағы Ұлытау облысы филиалының төрағасы Эльвира Алпанбаева өңірлік журналистиканың жаңа деңгейге көтерілуі үшін қолға алынған шаралар мен алдағы жоспарлар жайлы баяндады. Эльвира Алпанбаева журналистерді кәсіби тұрғыдан қолдау бағытында ұсынылған жаңа жобаларды атап өтіп, аймақтық БАҚ-тың болашағына зор сеніммен қарау қажеттігін мәлімдеді.

Кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев өңірдегі билік пен БАҚ арасындағы өзара байланыс мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, БАҚ-тың ақпаратты кәсіби және әділ түрде жеткізуі үшін жергілікті билік пен журналистердің ортақ тіл табысып, тығыз ынтымақтастық орнатуы маңызды. Бақытжан Жайлаубаев журналистердің жұмысына қолдау көрсету, ақпараттық саладағы жаңашылдықты енгізу бойынша нақты жоспарлар мен қадамдарды ортаға салды.

Жиын барысында, сондай-ақ, журналистика саласының ардагерлеріне құрмет көрсету мәселесі көтерілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде берілетін «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына үміткерлердің арасынан таңдау жасау мәселесі Одақ кеңесіне тапсырылды. Сондай-ақ, Камал Смайылов пен Баубек Бұлқышев атындағы байқау ұйымдастыру жоспарланып, оның ережелері мен сыйақы мөлшерлері нақтыланды. Бұл шаралар өңірдегі журналистика саласының дамуына қосымша серпін береді.

Кездесу барысында Журналистер Одағы жаңа мүшелермен толықты. Олардың қатарында өңіріміздің танымал журналистері – Гауһар Наурызбаева, Максим Даренский және Нұрбол Үздікбаев бар. Олардың қосылуы – өңірлік журналистиканың алға жылжуына маңызды қадам болып табылады. Жаңа мүшелердің тәжірибесі мен жаңашылдығы, кәсіби біліктілігі өңірдегі ақпараттық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады.

Басқосуда журналистер өздерінің көкейіндегі сұрақтарды қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Бұл жиынның нәтижесінде өңірлік БАҚ-тың сапасын арттыру, журналистердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында бірқатар нақты қадамдар жоспарланды. Әсіресе, аймақтық ақпараттық кеңістікті кеңейту және қоғаммен байланыс жасауға баса назар аударылды.

Сайып келгенде, бұл кездесу өңірлік журналистика үшін маңызды оқиға болды. Журналистердің кәсіби деңгейін арттыру, олардың еңбегін бағалау, жаңа жобалар мен бастамаларды қолдау жөніндегі ұсыныстар өңіріміздің медиа саласының болашағына сенім ұялатады. Сәйкесінше, журналистердің өзара ынтымақтастығы, біліктілігін арттыруы және сапалы ақпарат таратуы одан әрі күшейе түседі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ