Жаңа Қазақстанның билігі әділетті болу керек – депутат

1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында күзде кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Кейін 20 қараша президенттік сайлау өтеді деп бекітілді. Сондай-ақ алдағы уақытта Президентті 7 жылға бір мерзімдік қылып сайлау туралы ұсынған болатын. 17 қыркүйек күні бұл ұсыныс ресми түрде қабылданып, бекітілді. Өткен президенттік сайлау 2019 жылы болды. Ал биылғы болатын сайлаудың ерекшелігі қандай болмақ?

Бұл сұраққа Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Геннадий Шиповских жауап берді.

«Елімізде бұған дейінгі сайлауларда бірден уақыты жарияланатын. Ал, биылығы сайлаудың ерекшелігі алдын ала жарияланып, партияларға кандидат ұсынуға және дайындалуға болатындай уақыт берілді. Бұл жерде сондай-ақ, Мәжіліс пен Маслихаттың депутаттарының сайлауына да дайындалуға жеткілікті уақыт қарастырылатындай мүмкіндік жасалған. Демек, барлық саяси партияларға бірдей тең мүмкіндік беріліп отыр», – деді ол.

Сондай-ақ, ол бұл кезектен тыс өтетін президенттік сайлау науқаны еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. Себебі, бүкіл әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлар, біздің елімізге де оң ықпалын тигізіп жатыр. Сондықтан осы тұста еліміздің болашағын өркендететін нақты бір адамды сайлау керектігін айтты.

«Биыл елімізде саяси өзгерістер жиі орын алып жатыр. Наурыз айынан бастап жүйелі түрде реформалар жүргізілуде. Алдағы уақытта да сайлау науқаны өткеннен кейін саяси реформалар сәтті жалғасын табады деп ойлаймын»,- деді депутат.

Президенттік сайлауда лайықты кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты көретінін және қолдайтынын атап өтті.

«Аманат партиясының мүшесі ретінде дәл қазіргі кезде еліміз үшін маңызды президенттік сайлауға түсуге лайықты кандидат деп Қасым-Жомарт Тоқаевты айтар едім. Өздеріңіз білетіндей қазіргі уақытта елімізде Тоқаевты қолдау туралы арнайы жиындар өткізіп жатыр», – деді Геннадий Шиповских.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жаңа Қазақстан мен әділетті Қазақстан екеуі бір-бірімен ұштасатын дүние. Сондықтан жаңа Қазақстанның билігі болашақта ашықтық пен әділетті болу керектігін ескеру қажет.

«Біз барлық салада ашық болуымыз қажет. Бұл біз үшін көптеген дүниелерге жол ашатыны хақ. Яғни, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік секторлардың ашықтығы, тіпті мемлекеттік сатып алулардан бастап түрлі сайлау типтеріндегі ауылдың, қаланың, облыстың әкімдерінің сайлауы ашық дамитын болса, барлық саладан өзінің сәтті жемісін көрсетер еді», – деді Геннадий Шиповских.