Жаңа Қазақстанға – «Таза Қазақстанмен»

Елімізде 8 сәуірде басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция 11 мамырға дейін жалғасын таппақ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Үндеуінде «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» – деп, атап көрсеткеннен бері Жәйремде жалпыкенттік сенбіліктер басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ. Біз жәйремдіктер де тура тақырып пен мақсатқа сүйене отырып, жалпыкенттік сенбілікті бастап кеттік. Алғашқы аптада «Таза өлке» тақырыбымен еңбек етіп, кенттің сырты тазартылса, іш­тегі орамдар өз аулаларын реттеп, гүлдерін егіп, талдарын отырғызып, бордюрларын әктеп республикалық сенбілікке бар жәйремдіктер өз үлестерін қосты.
Ауыр-ауыр тұрмыстық қалдық­тарды тазалау жұмыстарына «Жәй­рем Болашақ» КММ көмекке келіп, қыстан қалған барлық қалдықтар шығарылды.
«Киелі мекен» деп белгіленген екінші аптада кентіміздегі «Жеңіс», «Жастар» саябақтары мен «Абай» ескерткішінің аумақтары қоқыстан тазартылып, абаттандырылды.
Осы аптада «Жасыл аймақ» ба­ғы­тында жұмыс істеліп, кен­ті­міздің кіре берісінде 150 түп ағаш отырғызылды.
Ағаш отырғызуға жергілікті мекемелер түгел қатысып, жоспарланған жұмыстар толықтай уақытынан бұрын жасалды.
Кент әкімі Қайрат Жансағымов:
– Елімізде басталған бес апталық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жәйрем кентінде де қарқынды жүруде. Бүгінгі күні кентіміздегі қыстан қалған қоқыстар барынша тазалануда. Тұрғындар орам-орам болып, өз аулаларын тазалап жатса, мекемелер жұмыс орындарын реттеп, республикалық сенбілікке өз үлестерін қосуда. Бүгін міне, сенбіліктің үшінші аптасында біз кентіміздің кіре берісінде 150 түп ағаш отырғыздық. Енді осы талдардың жылдам бой түзеп, өсіп кетуіне бар жағдайды жасауымыз керек. Тал егу сауапты іс әрі ауаны тазалаудың ең бір жақсы жолы, – деді.
Әкімдік мамандары ұйымдастырған сенбілікке «ТехЭкспертСервис» ЖШС, жергілікті аурухана ұжымы, «Балдырған» балабақшасы, жаңадан ашылған «Ажар» балабақшасының ұжымдары, кент жұмыстарына тартылып жүрген мердігерлер біркісідей атсалысты. Барлығына үлкен алғыс.
Алда бұл шараның соңғы екі кезеңі қалды. Ол «Өнегелі ұрпақ» акциясы. Бұл акцияда кентіміздегі тыл ардагерлері мен жалғыз басты қарттардың аулалары тазартылып, абаттандырылады. Ал соңғы аптада «Мөлдір бұлақ» тақырыбымен жұмыс істеп, мүмкіндігімізше Сарысу өзені бойына шығып, қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар.
Ел Президентінің бұл тапсырмасы өте керемет бастама бол­ды. Қар ерісімен жасалатын жыл­дағы сенбілік Мемлекет басшы­сының Үндеуінен кейін күшейе түсіп, бар­лық мекемелер мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен қар­қынды жүруде. Тазалық өзімізге де жақсы.
«Тазалық – тал бесіктен» де­мек­ші, аталған сенбілікке кен­тіміздің кішкентай бүлдіршіндері мен жасөспірімдері де атсалысып, өздері доп тебетін футбол алаңдары мен балалар алаңдарын тап-тұйнақтай етіп жинап шықты.
Тек жақсы бастамаларда, жақсы күндерде жолығайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жаңа Қазақстанға – «Таза Қазақс­танмен» жетейік!

Теректі ШАҒАТАЙ.