Жөндеу жұмыстары — жүйелі

Мектеп оқушылары жазғы демалысты қызықты өткізіп жатқанда, Қаражал қалалық білім бөліміне қарасты мектептер алдағы оқу жылының қамына кірісіп кетті. Қазір өңірдегі білім беру ошақтарындағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Осы орайда біз қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас ОСПАНОВАҒА телефон шалып, жұмыстың жай-күйін сұраған едік.

– Сапалы білім беру үшін жайлы, әрі ыңғайлы орта қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта біз биыл да өңір аумағындағы білім беру мекемелерін талапқа сай жаңғыртып, қыркүйекте оқушыларымызды жарық әрі сәулетті сыныптарда қарсы алу мақсатында тынымсыз әрекет етіп жатырмыз, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы бізбен әңгіме барысында.

Қаламқас Төлеубайқызының айтуынша, Қаражал қалалық білім бөліміне қарасты 11 білім беру және тәрбие нысаны бар екен. Олардың 8-і – мектеп, 2-і – балалар бақшасы және 1-і – қосымша білім беру ұйымы. Міне, осы білім ошақтарының екеуіне биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты.

«Қаладағы №3 және №7 жалпы білім беретін мектептерге күрделі жөндеу басталды. Мәселен, №7 мектептің құрылысымен «Балқаш Жібек жолы» ЖШС айналысып жатыр. Бүгінгі күні мердігер компания атқарылар істің жалпы көлемінің 55 процентін жасап үлгеріпті. Қала әкімі олардың алдына жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтау талабын қойып отыр» дейді Қаламқас Оспанова.

Күрделі жөндеу жүріп жатқан екінші нысан – №3 мектеп. Білім ұясындағы жұмыс ауқымы бүгінде 77 процентке орындалған. Бұл бағытта мердігер ұйым – «СК Максат LTD» ЖШС құрылысшылары уақытпен санаспай, тынымсыз қимылдап жатқан сыңайлы.

Білім бөлімі басшысының сөзіне қарағанда, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Жәйрем кентіндегі №10 және №30 жалпы білім беретін мектептерге де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, №30 орта мектептің периметрі бойынша қоршаулары ауыстырылмақ. Бұл жұмыстың орындалу көрсеткіші қазіргі таңда 80 процентті құрап отыр екен. Нысандағы іспен «АРЛАНСТРОЙ» ЖШС айналысуда.

Ал, №10 жалпы білім беретін мектепте ішкі электр желілерін монтаждау 100 процент орындалған. Оны «ЕМ. Каз Сити Строй» ЖШС тиянақты атқарып шығыпты.

– Енді бір ай жарымнан кейін жаңа оқу жылы да басталады. Оған дейін қала мектептері күрделі және ағымды жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына әзір тұруы тиіс. Осы қарқыннан таймасақ, міндетті жұмыс көлемі мерзімінде аяқталары анық.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қаражал-Жәйрем өңіріндегі ата-аналарға балаларды 1-сыныпқа тіркеу мерзімінің аяқталып келе жатқанын да ескерте кеткім келеді. Балалары 1 қыркүйекте мектеп партасына отыратын тұрғындардың ширақ қимылдағаны жөн, – деді білім бөлімінің басшысы.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ