Жәйремнің құрдасы

«…Туа сала таудай бақыт күтеміз, Ал шынында бақыт үлкен болмайды…» деген Қадыр Мырза Әлінің өлең жолдарын білмейтін адам кемде-кем болар. Бірақ, шын бақыттың не екенін түйсініп, дәмін сезбей жүргендер қаншама. Жәйрем кен байыту комбинаты теміржол цехының жүкті және багажды қабылдап-тапсырушысы Қолқанат Бралина бақыттың қарапайым нәрселерде, әр атқан таңда және қолда бардың қадірін білуде екендігіне сенімді.

Қолқанат Аманкелдіқызы өмір бойы Жәйремде тұрып келеді. Ауылмен бірге өсіп, арманына қанат қағып, қиындықтарды еңсеріп, жетістіктеріне қуана білді. Ол 1972 жылы Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылында дүниеге келді. Қолқанаттың екі жасында отбасы Жәйремге көшіп келеді. Ол кездері бұл жерде ауқымды құрылыс жүріп жатқан болатын, еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі мамандық иелері ағылып келіп жатқан еді. Теміржолшы болып істейтін ата-анасы Жәйрем станциясына жұмысқа орналасады. 1972 жылы туғандарды әлі күнге дейін «Жәйремнің құрдастары» деп атайды. Олар болса бұны мақтаныш етеді.

Отбасында бес бала өсті: үлкен әпкесі, Қолқанат және өзінен кейінгі үш бауыры. Балалық бал дәурен шағы қызыққа толы бақытты кезеңдер еді. Сағына еске алады. Құрбыларымен күн ұзаққа ойнайтын, мектепте жақсы оқыды, сурет салатын – әлі күнге дейін бояу, қарындаштарынан ажыраған емес. Тарих пәнінің мұғалімі болуды армандады, тіпті, мектепті бітіргеннен кейін педагогикалық институтқа түсуге талаптанып көрді, бірақ, жолы болмады.

Кейіннен өмірлік жоспарын өзгертті. Ақмоладағы (қазіргі Астана) құрылыс техникумына түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін туған жеріне оралады. Әкесінің кеңесімен және қолдауымен 1992 жылдың көктемінде теміржол цехына жұмысқа тұрады. Ол кездері әкесі теміржол цехы бастығының орынбасары еді. Одан арғы тағдырын осы жұмыс орнымен байланыстырды. Сол жылы тұрмыс құрды. Бүгінде ұлы мен қызы ержетіп, өрісі кеңейіп, алты немеренің әжесі атанып отыр.

– Ұлым Жезқазғанда өрт сөндіруші болып жұмыс істейді, төрт қызы бар. Қызым Түгіскенде тұрады, Жәйрем кен байыту комбинатының талдау зертханасында еңбек етеді. Қазір декреттік демалыста, екі ұл өсіріп отыр, – дейді кейіпкеріміз.

2005 жылы Қолқанат өндірістен қол үзбей, теміржол колледжін тәмамдап, бейінді білім алады. Ол теміржол көлігі мен ақпараттық технологиялар қозғалысын басқару саласында біліктілікке ие болады. Біраз уақыт ауысым бастығының міндетін атқарып, өзіне жүктелген жауапты міндеттерді ойдағыдай орындайды.

– Мен ата-анамның ізін қуып, тағдырымды теміржолмен байланыстырғаныма ешқашан өкінген емеспін, – деп бөлісті Қолқанат Бралина. – Біздің цехта кезінде әкем, анам, әкемнің әпкелері, ағам еңбек еткен. Шындығын айтқанда, жұмысымыз оңай емес. Бірақ, ұжым ішіндегі күнделікті аһуал, қарым-қатынасымыз керемет. Сондықтан да, жұмыс жеңілдейді.

Біз тиелген вагондарды арнайы таразыларда өлшейміз, кәсіпорынға түсетін тауарлық-материалдық құндылықтарға құжаттарды рәсімдейміз. Барлығы біз арқылы өтеді – құрылыс материалдары, реагенттер, көмір, құрал-жабдықтар, дайын өнімдер. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Зейінділік керек, әсіресе, пломбалардың тұтастығын, вагондардың жай-күйін тексеру кезінде аса мұқият болған жөн. Бос контейнерлерді санау кезінде де қателесуге болмайды. Ол бүкіл өндіріс үдерісіне әсер етуі мүмкін.

Бүгінде цехта жүзден астам адам жұмыс істейді. Қолқанаттың айтуынша, барлығымен қарым-қатынасы жақсы. Мерекелерді әріптестерімен бірге атап өтеді, жұмысқа арнайы сүйікті тағамдарын дайындап әкеледі, бір-бірін туған күндерімен құттықтайды.

– Қазір жұмыс істеу бұрынғыдан да қызықтырақ: жаңа технологиялар енгізілуде, есептеулер дәлірек орындалады. «Казцинктің» Жәйрем кен байыту комбинатына келуімен көп нәрсе өзгерді – цифрландыру басталды, тізімдемені қолмен толтыру ұмытылды. Заманауи бағдарламаларға оқытудан өттік, енді барлық құжат айналымы электрондық форматта жүргізілуде. Компания шынымен де еңбек адамына қамқорлық жасайды. Өмірде адамның басында түрлі қиыншылықтар болуы мүмкін – мысалы, маған қымбат тұратын ем алуға және ұзақ уақыт ауруханада жатуға тура келді. Осы кезеңде әріптестерімнің шынайы қолдауын сезіндім, ал кәсіпорын шығындарды өтеуге көмектесті.

2017 жылы Қолқанат Аманкелдіқызы адал еңбегі үшін «Жәйрем КБК» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат оның мерейін көтерді, жігерлендірді және өз кәсібін мақтан тұтуға себеп болды.

– Қолқанат Бралина – тәжірибелі және үздік қызметкер, – деп атап өтті теміржол цехының бастығы Ғазиз Жақсыбаев. – Ашық-жарқын, өте жауапты, есептеулері үнемі дәл шығады. Қандай жағдай болмасын сенім артуға болады. Дәл осындай жұмыскерлеріміз ұжымымызды ұйыстырып отыр.

Басшының сөздерін цехтағы кез келген адам құптайды. Биыл жауапты қызметкерге әлеуметтік мәселелер де сеніп тапсырылды – кәсіподақтың цех комитетінің төрайымына тағайындалды. Жұмыскерлердің өтінішін тыңдау, көмектесу, қолдау – ендігі жерде оның жан қалауы ғана емес, сонымен бірге, қоғамдық міндеттері.

Қолқанат бос уақытын тиімді өткізеді. Оның сүйіп істейтін істерінің бірі – қолөнер. Бар өнері мен махаббатын төгіп әдемі перделер, бесік жабдықтарын, ұлттық киімдер мен немерелеріне киім тігеді.

– Бақыт деген не? Бұл денсаулығың жақсы, балаларың аман-сау, сүйікті жұмысың болса, ал қалғанын таза ниетіңмен еңбектеніп табуға болады, – дейді күлімсіреп Қолқанат Аманкелдіқызы.

Міне, Жәйремнің құрдастары – осындай мақтауға тұрарлық адамдар. Олардың есімдері кенттің тарихымен бірге жасасып келе жатыр.

Алена ЕРМОЛАЕВА