Жәйремдік туристер шеруі

“Казцинк” компаниясына қарасты “Жәйремнің дамуы” Корпоративтік қоры жанынан құрылған Спорт федерациясының (Федерация Спорта Жайрем) ұйымдастыруымен Қаражал қаласы маңындағы Қылыш су қоймасы жағалауында туристер шеруі (тур слет) өтті.

Шеруге Жәйрем кентінің мекемелерінен шыққан командалармен қоса, жекелеген қатарлар да бір-бір команда құрып, салауатты өмір салтына құштар, спорт сүйер қауым кентімізден Қылышқа 2 күнге жол тартты.

Жалпы бұл туристер шеруінің мақсаты корпоративтік мәдениетті, жастардың азаматтылық пен отаншылдық сезімдерін дамыту, жастармен атқарылатын жұмысты дамыту бойынша тәжірибе алмасу, құтқару тәсілдерін, алғашқы көмек әдістерін үйрету, туристік шеберліктерін дамыту, экспедициялық жасақтардың туристік қызметін жандандыру жолымен салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Құрамы үш ер адам және екі әйел адамнан құралған 8 командалық туристер бірінші күні сапқа тұрып, өздерін, ұрандары мен эмблемаларын таныстырып, бивуактарымен, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуден сайысқа түсіп, бірінші күнді түнгі алауды жағалай шырқаған “Туристік слет” тақырыбындағы ән жарысымен тәмамдап, кешкі астарына отырды.

Екінші күні таңсәріден тұрған туристер таңғы жаттығуларын жасап, спорттық сайыстарға кірісті.

Алғашқы кезекте жүзуден, қайықпен жүзуден, арқан тартыспен жарысқан туристтер, арқанмен жүру және садақ атумен сайысты тәмамдады.

Әдемі әзілдері, қуанышты күлкілерімен жарасым тауып, жәйремдіктердің достықтары нығая түскен бір тамаша көрініс болды.

Екі күндік тамаша саяхаттың басында аталған Федерацияның барлық тренерлері, медициналық қызметкері жүріп, қауіпсіздіктің барлық амалдарын қарастырды.

Керемет кештің, тамаша тартыстың қазылығында “Жәйрем кен байыту комбинаты” АҚ Тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков, “Жәйремнің дамуы” Корпоративтік қордың басшысы Жеңіскүл Дюмбаева, “Жәйрем кен байыту комбинаты” АҚ Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік басқармасының бастығы Нұржан Қадірсізов, федерация тренері Бекзат Асанов болып, жарыстың жеңімпаздарын анықтады.

Көзді ашып жұмғанша өте шыққан екі күнде барлық өнерлерімен, спортқа деген қабілеттерімен І орынға  “КЦМР” ЖШС-нен шыққан “Құрылысшылар” командасы ие болса, ІІ орынды Полиметалл байыту фабрикасынан келген “Сталкер” командасы, ІІІ орынды “Жәйрем” кенішінен келген “Сұңқар” командасы алды.

Жарыс соңында барлық саяхатшылар бір кісідей Қылыш жағасына сенбілік жасады.

Федерациясының бастығы Мөлдір Сатжанова:

— Жәйремдіктерге арнап осындай тамаша демалыс ұйымдастыруымызға демеушілік жасаған “Казцинк” компаниясына мың алғыс. Туристік слет жұмыс бағдарламамызда көптен бар еді. Екі жыл қатарынан болған пандемия салдарынан бұл жоспар жүзеге аспаған-ды. Аллаға шүкір, бар қиындық артта қалып, бүгінгі күні жоспарымыз біртіндеп орындалуда. Компаниямыз жәйремдіктерге арнап барлық жағдайды жасауда. Спорт сүйер қауымға дәстүрлі түрде өтетін Спартакиададан бөлек, ай сайын түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырамыз. Қысқы спорт түрлеріне де барынша көңіл аударамыз. Жылда республикалық деңгейде бокстан, дзюдодан жарыстар болып жүр. Заманауи жабдықталған бірнеше жаттығу залдары бар. Әйел адамдар бір бөлек, ерлер бөлек жаттығады. Кішкентай бүлдіршіндерге би үйрететін хореограф маманымыз да бар. Балаларымыз еліміздің түпкір-түпкіріне би жарыстарына барып, жүлделі орындармен оралуда.

О баста, компания Жәйрем кентінің тұрғындарын салауатты өмір салтына насихаттау, көзге көрініп жүрген жас спортшыларды қолдау, халықтың бос уақыттарында спортпен айналысуларына мүмкіндік жасау мақсатында ашқан Федерациямыз жұмысы қарқынды жүруде. Барлық қажетті қаражатты және тренерлердің жалақысын “Казцинк” өз мойнына алған. Бұл біз үшін, яғни жәйремдіктер үшін керемет қолдау.

Бүгінгі Турслет өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Бұйырса, бұл шара дәстүрлі түрде өткізілмек. Барлық қатысушыларға және қазылар алқасына алғысым шексіз.

Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт бой жазып, осындай тамаша шарада жәйремдіктердің басын қосқан “Казцинк” компаниясына, Спорт Федерациясына, оның ішінде Айдос Серіковке, Мөлдір Сатжановаға ризашылығымызды білдіреміз. Аспанымыз ашық, деніміз сау, өміріміз мәнді болсын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.