Жәйрем кентіне – жарты ғасыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы»атты Қазақстан халқына Жолдауында бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажеттілігін айтты. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім».

Осы тарихи сәтпен тұспа-тұс біздің сүйікті кентіміз – Жәйремнің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Мерейтойды лайықты атап өту мақсатында ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру комитеті республика, облыс және қала деңгейінде ауқымды іс-шаралар жоспарын бекітіп, әзірлік жұмыстарын бастап кетті.

Аталмыш іс-шараға сәйкес, биылғы жылдың сәуір айында Жәйрем кентінің 50 жылдығына арналған эмблеманы бекіту көзделген. Соған орай, ұйымдастыру комитеті Жәйрем кентінің мерейтойлық эмблемасын бекітті. Оның авторы – Фазыл Нұғыманов, Қазақстан Республикасының авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы №24872 куәлігі берілген. Эмблеманың символы – қарақұйрық. Сүтқоректілер тобына жататын қарақұйрық тұқымдасының бір түрі – джейран кезінде Жәйрем өңірін мекен еткен. Кент атауының түп-тамыры осы «джейран» сөзінен шығып, кейіннен Жәйрем болып өзгеріске ұшыраған. Сонымен қатар, қалақұрушы кәсіпорын «ЖКБК» АҚ болғандықтан, тау-кен өнеркәсібінде қолданылатын техникалар мен карьер бейнеленген.

Құрметті кент тұрғындары! Киелі Жәйремнің гүлденуі – жәйремдіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты.

Туған жерге, сүйікті кентімізге жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Кентіміз көрікті, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!

 Қайрат ЖАНСАҒЫМОВ,

Жәйрем кентінің әкімі.