Жәйрем кентіне жұмыс сапары аясында Берік Әбдіғалиұлы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ полиметалл фабрикасының жұмыс барысымен де танысты

Фабриканың жобалық қуаты жылына 5 млн тоннаға дейін полиметалл кенін қайта өңдеуді, 72 мың тоннаға дейін қорғасын концентратын, 308 мың тоннаға дейін мырыш концентратын шығаруды құрайды. Осы жобаны іске асыру қорғасын-мырыш кендерін қорғасын және мырыш концентраттарын алу арқылы қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жұмыскерлерінің 90 пайызы жергілікті мамандардан жасақталған фабрика үшін қызметкерлерді дайындау және оқыту, «Қазцинк» ЖШС басқа бөлімшелерінде тағылымдамадан өткізу, фабриканы іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қарағанды техникалық университетінде 19 студентті өз қаражатына оқытуда.
Қаражал қаласы әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС аралығында әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандум әзірленуде. Құжатқа облыс әкімі 2023 жылы денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Жәйрем кентінен жыл сайын кемінде 2 студентті медицина мамандығына оқытуға білім гранттарын бөлу мәселесін қосуды ұсынды. Сондай-ақ кентті абаттандыру, басқа да салаларға қолдау көрсету көзделіп отыр.