Биылғы жылы Қаныш Сәтбаев абызды қырық жыл зерттеп, кітап жазып, оны Москвада басып шығарған жазушы, қандас ағамыз Медеу Сәрсеке дүниеден озды.
Жәйрем кентінде өткен ғасырдың соңында ақсақалдар арасында Жәйрем кентін ашуға қатысып, Кеңестер Одағы Мемлекеттік сыйлығының иегері болған Камал Мусин ақсақал Қаныш Сәтбаев жайлы әңгімелеп берген еді.
– Жәйрем кен орнын ашуда Қаныш Сәтбаевтың еңбегі ерекше ғой, осы жерге екі рет келді. Жомарт кен орнын бұрғылап жатқан едік, бұрғылау станоктарын жүргізіп жүрген кезім болатын. Бұл елуінші жылдардың ортасы еді. Қаныш көкеміздің келетіні хабарланды. Сол кездегі басшылар маған «үйге мал сойып дайындал, сіздің үйге барайық дегеніміз жараспайды, келгеннен кейін сәлем беріп үйге шақырасың» деп басшылар маған түсіндіріп айтып жатыр. Жастау кезім ғой, қалай болар екен деп уайымдап, ойға баттым. Ертеңіне көкеміз келгенін естіп барып сәлем бердім.
Жомарт барлау экспедициясының басшысы кабинетінде отыр екен, өзімді батылсыздау сезініп кіргенімде сәлемімді алып, бұрыннан кездесіп жүргендей үй ішімізді, балаларды, әкей Құрекеңнің, шешейдің жағдайын сұрап жатты. «Үйге қонақ болыңыз» дегенімде, қозғалақтап қойып, «шырағым, көңіліңе көп рахмет, осы жерде жүрген геологтер келіп сәлем беруге жараған жоқ еді, қадамың құтты болсын, өсейін деп, жұлдызың жанайын деп тұр екен» деп батасын берген еді. Сондай қарапайым жан еді, үйге келген соң әкей Құрекеңмен әңгімелесіп, «бұл жерлердің болашағы зор болады» деген еді. Әңгіме арасында домбыра шертіп «сіздің құрметіңізге арнадым» деп екі-үш өлең айтып берді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары соңғы рет Жомарт экспедициясында болып, бұл жерде үлкен кен орны ашылатынын болжап қойған еді. Бай кеннің үш ғасырға жететініне, кенді өлке болатынына, сол кенді өндіруге қала салынатынына, балаларымыздың осы өндіріс иесі болатынына сенімі мол еді. Ғұламаның айтқаны айдай келді.
Кеңестер Одағы бойынша комсомол жастар құрылысы болып жарияланып, ғалымның айтқанындай қала салынды, қазір ол кісінің болжамдары оңынан болып, көрегендігіне көзіміз жетіп отыр.
Қаныш көкеміздің дуалы аузынан шыққан сөз қабыл болды ма, келіні батыр ана атанды, еңбегім еленіп Жәйрем кен орнын ашқандар қатарында өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы СССР Жоғарғы Советі Президиумы Жарғысымен «СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағын алдым. Ол марапат Москваға шақырылып Кремльде тапсырылды, — деді ақсақал.
Осы әңгімені тыңдап отырған Нұрмұханбет ақсақал да әңгімеге араласты.
– Біздің әкей атақты Жәмбек әнші, сері, жауырыны жерге тимеген палуан Қаныштың жолдасы болған. Мен он үш жастағы кезім болатын. Бесінші класта оқитын едім. Жомартта кепеде тұрамыз, елу екінші жылы Қаныш арнайы іздеп келіп үйге қонды. Түні бойы әкейге өлең айтқызып тыңдады, таң ата өзі домбраны әкейден алып Бүркітбай әнін салғанда зор дауысына кепе қамысы дірілдегенде, төбе құлап кете ме деп ойладым. Айтып отырған әңгімелеріне қарағанда Қарсақбайда отызыншы жылдардан жолдас болған екен. Көкшетаудан Жомартқа келу себебіміз — ата мекеніміз, Айыртау-Шұбартаудың таяу болғаны, осы жерде өндіріс кен орны ашылатынын айтқан соң, көшіп келген екенбіз, Қарсақбай елінде әкей ауылдық кеңесте қызметте жүргенде жала жабылып істі болғанда Қаныш әкейге көмек жасаған екен.
Әкей маған «Қаныш көкең жүргелі жатыр, батасын аларсың, насыбайға қылша жағып үгіп, шақшасына салып бер» деген соң, шақшасын насыбайға толтырып апарып бердім. Шақшаны алып, «қолыңды жай, үбірлі-шүбірлі бол, қатарыңның алды бол» деп бата берген болатын.
Әкей жалғыз болса, одан туған мен өзім ғана едім, дуалы абыздың айтқаны келіп, жұбайым Тұрар екеумізден ондаған ұрпақ өрбіп, өсіп-өнді. Үлкен ұлым Сәбит Жәмбеков Ескі Жәйремнің орта мектебін бітіріп, Қарағандыда университетте оқып, Көкшетауда жоғарғы оқу орнында студенттерге дәріс беріп, ғылыми жұмыспен айналысты. Тіл жөнінде ғылым докторы, университет профессоры, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жарияланған еңбектері мен баспадан шыққан кітаптары бар. Ғабиден Жәйрем кен байыту комбинатында ауысым басшысы. Бақытжан ішкі істер орындарында қызмет атқарды. Нүркен Қарағанды қаласында қалалық сот төрағасы. Сәрсен Жәйремдегі №10 мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы. Алтынсарин атындағы жүлде иегері, оқушысы республикада өткен Абай оқулары жеңімпазы, Ерлан немерем бүгінде кен байыту комбинатында кеніштің руднигін басқарып жүр. Шаңырақ егесі Жақсылықтан туған немере қызым Еңлік республикалық Абай оқулары жеңімпазы, Қарағанды университетін бітірді, тіл маманы. Қазір Жәйремде ұстаздық етеді.
Өткен жылы мектеп бітірген оқушыларының ішінде Нұрмұхамбет немересі «Алтын белгі» иегері болып, үстіміздегі жылы Қарағанды университетіне грантпен түсіп оқып жатқанына куәгерміз.
«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген аталар тағлымы, бүгінде дүниеден озған, заманында өсіп-өнген, СССР мемлекеттік сыйлығының иегері Камал Мусин көкеміз бен бүгінде сексен бестен асса да темір тұлпарды тізгіндеп, кентіміздің көшесінде еркін жүрген Нұрмұханбет ақсақалға айтылған ба деп ойларсың. Қаныш көкеміздің 125 жылдығына орай Қаныш Сәтбаевты көріп сұхбаттасқан, батасын алған шығармыз деген абыздардың айтқанын келешек ұрпақ оқыса деген ниетпен қолыма қалам алып жазып отырған жайым бар.
Аманжол Баймұрынұлы,
зейнеткер.