Бірлікке шақырған жарыс

Биыл Қазақстанда жергілікті өкілді органдар-мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» 1993 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен өкілді және атқарушы билік органдарының өкілеттіктері бөлінді. Халық кеңестерінің депутаттары мәслихаттар-депутаттар жиналыстары болып қайта құрылды. 1994 жылдан бастап мәслихаттар өз жұмысын бастады. Осы жылдар аралығында 8 рет сайлау өткізіліп, халық өз таңдауларын жасады.

Өткен аптада сол 30 жылдыққа орай Қаражал қаласында қалалық мәслихаттар депутаттары, жергілікті қауымдастық мүшелері және қоғамдық кеңес мүшелері арасында спартакиада ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының гимнімен бастау алған жарыстың алғы сөзін Қаражал қалалық мәслихаттың төрағасы Зәмзагүл Оспанова алып, жиналушыларды құттықтап, спартакиадаға сәттілік тіледі.
Спартакиадада спорттың шахмат ойынынан, стол теннисінен, арқан тартыстан, волейбол мен кір тасын көтеруден жарысқа түскен халық қалаулылары спорттың қыр-сырына қанық екендіктерін барынша көрсетті.
Бірінші болып басталған волейбол ойынында ерекше көзге түсіп, жүлделі бірінші орынды Қоғамдық кеңес алса, екінші орынды Жәйрем кентіндегі қауымдастық мүшелері, үшінші орынды қалалық мәслихат ұжымы иеленді. Теңбіл допты қарсыласына ойсырата лақтыратын волейболшылар арасында зейнет жасынан асып кетсе де, ширақ қимылымен жастардан кем түспей жүрген Сексен Сүлейменов ағамыз ерекше көзге түсті.
Арқан тартыс жарысы өте көңілді өтті. Арқанға жармасып алған жандардың білектілері жүректілерді сүйреп әкетіп жатты. Жергілікті қауымдастық мүшелері мәслихат командасын жеңіп алғанмен, қоғамдық кеңестен ойсырай жеңілді.
Әзіл-қалжың араласқан көңілді жарыстың келесі кезеңінде ми гимнастикасы – шахмат жарысы болып, бірнеше уақытқа созылған ми толғау нәтижесінде жүлделі І орынды ерлер арасында Қоғамдық кеңестің мүшесі, 75 жастағы Владимир Полищук, ІІ орынды Жергілікті қауымдастық мүшесі Жандос Бейсембеков, ІІІ орынды мәслихат депутаты Берік Шікіров алса, әйелдер арасында І орынды Гүлім Айтмағанбетова (мәслихат), ІІ орынды Ақелік Нұрмағанбетова (мәслихат), ІІІ орынды Бекзат Төлегенова (мәслихат) иеленді.
Кір тасын көтеруден І орынды Артем Ким (қоғамдық кеңес) алса, ІІ орынды Мергенбай Сембек (қоғамдық кеңес) ІІІ орынды Айтуған Охан (мәслихат) місе тұтты.
Стол теннисінен ерлер арасында І орынды Жандос Бейсембеков, ІІ орынды Дидар Сағындықов, ІІІ орынды Владимир Полищук жеңіп алса, әйелдер арасында І орынды Гүлім Айтмағанбетова, ІІ орынды Мархаббат Төлегенова, ІІІ орынды Айнұр Елікбаева иеленді.
Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар беріліп, мойындарына медаль тағылды.
Бір-бірімізді жан-жақты қырымыздан тани түскен, әзіліміз бен қалжыңымыз жарасым тапқан өте тартымды кездесудің басы-қасында жүріп, ұйымдастырып, тиісті деңгейде өтуіне бар күштерін салған Қаражал қалалық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне, басшысы Гүлмира Исинаға шын жүректен алғыс білдіреміз.
Жалпы Қаражал қалалық мәслихатында осы 30 жылдық аясында жоспарланған түрлі бағыттағы 30 іс-шара бар. Олай болса, жоспардағыны көңілдегідей жүзеге асыра берейік!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық
мәслихатының депутаты.