Өзекті мәселелер сөз болды

Аптаның басында аймағымызға іссапармен Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов келіп кетті. Қадірлі мейман сапар барысында өңір жұртшылығымен кездесіп өзекті мәселелерді сөз етті.

Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен кездесуде Әлібек Жұмабекұлы елді толғандырған бірқатар мәселелерге тоқталды. Әсіресе, Ұлытау өңірін газдандыру, энергетика саласында болып жатқан өзгерістер, облысымыздың қысқа дайындығы, Жезқазған қаласының жылу-энергетика орталығы, Сәтбаев қаласының жылу қазандығы, оларды жөндеу жайы кеңінен сөз болды.
Вице-министрдің баяндамасын­да айтылғандай, 2023 жылғы 17 шіл­дедегі жағдай бойынша өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 1,0 млрд. кВтсағ құрады. Бұл ретте өңірде тұтыну 1,9 млрд. кВтсағ құрайды. Облыстың электр жә­не жылу энергиясына қажеттілігін «KazakhmysEnergy» ЖШС Жез­қазған ЖЭО қамтамасыз етеді, оның белгіленген электр қуаты 252 МВт, жылу қуаты – 564 Гкал/сағ. Станцияның негізгі жабдықтарының физикалық тозуы 70 %-ға жеткен.
«KazakhmysEnergy» ЖШС Жез­қазған ЖЭО электр энергиясын өн­діруге арналған шекті тарифін Энер­гетика министрлігі 16,37 теңге/кВтсағ деңгейінде бекітті, сату бағасы 18,34 теңге/кВтсағ құрайды.

Электр энергиясының жетіс­пеушілігі жақын маңдағы Қарағанды облысының энергия көздерімен жабылады.
Электр энергиясын тасымалдау мен таратуды 4 энергетикалық кәсіпорын жүзеге асырады: «Жез­қазған электр желісін тарату компаниясы» АҚ, «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС, «Энерготранзит компани» ЖШС, «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорны» КМК.
Жалпы өңірде шамамен 10 566 км кабельдік және әуе электр беру желілері, сондай-ақ 535 кіші станция бар. Электр желісінің физикалық тозуы мынадай тәр­тіппен берілген: «Жезқазған электр желісін тарату компаниясы» АҚ – 59,67%; «Казахмыс Дистрибьюшн» ЖШС – 87%; Ұлы­тау ауданы әкімінің жанындағы «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорны» КМК – 50%; «Энерготранзит Компани» ЖШС – 90%.
Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларына, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарына, Жәйрем кентіне қызмет көрсететін «Қазэнергоцентр» ЖШС облыс халқы үшін электр энергиясының кепілді жеткізушісі болып табылады.
Генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталды, ол облыста қуаты кемінде 70 МВт бу-газ қондырғысын салу жөніндегі жобаны іске асырады. Жаңа энергия көзінің аяқталу мерзімі – 2026 жыл.
Ұлытау облысында жалпы қуаты 10 МВт болатын, сондай-ақ, жалпы қуаты 105 МВт болатын 2 жаңартылатын энергия көздері объектісін іске қосу жоспарлануда.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлытау облысының газдандыру деңгейі 2,7%-ды құрайды.
Жезқазған қаласын газдандыру жобасы жалпы құны 12,9 млрд.теңгені құрайтын 3 кезеңнен (7 іске қосу кешені) тұрады. Бүгінгі күні 2 іске қосу кешенінен тұратын 1 кезең аяқталды, сондай-ақ, 2кезеңді іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде, оның 1 іске қосу кешені аяқталды, екіншісін іске асыру сатысында (2024 ж.аяқталуы).
Электр және жылу энергиясы­мен қамтамасыз ету мәселелері Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі.
Әлібек Жұмабекұлы баяндамасын аяқтай отырып, айтылған барлық мәселелер Үкіметтің тұ­рақты бақылауында екенін жет­кізді. Оларды толық және уа­қтылы шешу үшін бар күштерін салатынына сенім білдірді.
Тұрғындармен кездесуден соң вице-министр Жезқазған қа­ласындағы ЖЭО мен №1 газ тарату пункті өндірістік объектілерінің жұмысымен танысты.