Зейнет демалысына шығарып салды

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қосалқы көліктер цехының екі жұмыскері зейнет демалысына шықты. Оларды құттықтауға іргелі кәсіпорынның Бастауыш Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбарак КӘРІБАЕВ арнайы барды. Зейнет демалысына шыққан екі жұмыскердің біреуі – жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Төкен ЖАҚСЫБЕКОВ, екіншісі – автобус жүргізушісі Ілияс ШЕРІМБЕТОВ.

Аталған азаматтардың екеуі де жұмыс бабында өздеріне жүктелген міндеттемелерді адал атқарып, бейнеттерінің зейнетін көруге үлкен абыроймен аттанып бара жатқан еңбекқор жандар.

Төкен Жанатайұлы 1959 жылы Ескі Жәйрем кентінде дүниеге келген. 1976 жылы орта мектепті тәмамдап, Жәйрем барлау геологиялық экспедициясына электрик болып жұмысқа орналасады. 1978 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге Ресейдің Пермь қаласына аттанады. Әскерден елге 1980 жылы оралып, бұрынғы жұмыс орнына қайта келеді. 1995 жылы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қосалқы көліктер цехына автокөлік жүргізуші болып орналасып, күніне бүгінге дейін тапжылмай сол бір орында еңбек етті.

Төкен ағаның екі ұлы, үш немересі бар. Үлкен ұлы Ербұлан Астана қаласында құрылыс саласында еңбек етсе, екінші ұлы – жеке кәсіпкер. Өмірлік жары Гүлшат Шайзатқызы Тастанбекова бар ғұмырын бала тәрбиесі мен біліміне арнаған ұлағатты жан.

Қырық жылдық еңбек өтілі бар еңбекқор жүргізуші Төкен ағаның еселі еңбегін елеген жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы оның омырауына «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағып, Алғыс хат, қаржылай сыйақы мен естелік сыйлық ұсынды. Ал ұжымдастары иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Төкен Жанатайұлы Жәйрем кен байыту комбинатынан төсбелгі алып қуанса, зайыбы Гүлшат Шайзатқызы Мұғалімдер күні кәсіби мерекесіне орай, «Еңбек үздігі» медалін иеленіп, отбасы қуанышы еселене түсті. Ақ адал маңдай тердің ақталғаны – осы.

Ілияс Дүйсенбайұлы 1959 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Мектепті 1976 жылы тәмамдап, 1977 жылы әскерге Польша еліне аттанады. Әскерден оралған соң, көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасады.

1999 жылы Жәйрем кентіне көшіп келіп, 2008 жылы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қосалқы көліктер цехына жүргізуші ретінде жұмысқа тұрады. 2 ұл, 3 қыз баласы, 11 немересі бар. Ұлдары әке жолын қуып, Бауыржаны Жезқазған қаласында автобус жүргізушісі болса, Жанболаты – такси қызметінде. Қыздары Жәудір, Жадыра, Анель – тұрмыста. Өмірлік жары Сәуле Дәрібайқызы – сауда саласында. Кәсіподақ ұйымы тарапынан зейнет жасына жеткен ағаға Алғыс хат, қаржылай сыйақы және естелік сыйлық берілсе, ұжымдастары иығына шапан жауып, зор құрметпен шығарып салды.

Енді қос зейнеткер Кәсіподақ ұйымына келіп, комбинат ардагерлері тізіміне тіркеледі. Содан кейін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ зейнеткерлеріне көрсетілетін барлық жеңілдіктерге ие болады.

Ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбектерінің зейнетін көрсін, ғұмырлы болсын еңбекқор жандар!

Дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.